$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
25.11.2019, 19:08
Үкімет

2020 жылы елордада өтетін конференцияға 2,8 млрд теңге жұмсалмақ

Келесі жылы министрлік конференциясына 164 ұйым мүшелері келмек

2020 жылы елордада өтетін конференцияға 2,8 млрд теңге жұмсалмақ
Фото: ашық дереккөзден

Келер жылы Нұр-Сұлтан қаласында Дүниежүзілік сауда ұйымының министрлік конференциясы өтеді. Шараны ұйымдастыруға Қазақстан тарапы 2 млрд 850 теңге бөлгелі отыр. Бүгін Сенат отырысында шараны өткізуге жұмсалатын қаржының жай-жапсары туралы депутат Нұрлан Бекназаров Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтан сұрады.

«2 млрд 850 теңгенің 1 млрд 219 млн-ы ғимарат жалдауға кетеді екен. Техникалық жағынан қамтамасыз етуге 723 млн теңге бөлінген. Ғимаратты безендіру үшін 289 млн теңге. Бізде ғимараттың бәрі техникамен жабдықталған ғой. Сондықтан мұндай ақшаны не үшін сұрап отырғанын түсінгіміз келеді?», - деді депутат.

Ал, министр бұл шараға 164 ұйым қатысатынын, техникалық жабдықтау ДСҰ талаптарына сай болады деп түсіндірді.

«Біз қазір іс-шара бойынша Дүниежүзілік сауда ұйымымен келісіп жатырмыз. Әзірге  ұйым хатшылығы қонақ үйлерді таңдады. ЭКСПО маңындағы және қаладағы басқа да ғимараттарда шаралар өтетіні белгілі болды. Техникалық жабдықтау ДСҰ-ның талаптарына сәйкестендіріліп жатыр. Себебі, елге 164 ұйым өкілдері келгелі отыр. Иә, ақшаның үштен бірінен көбі техникалық жабтықтау үшін жұмсалмақ. Қалғаны ғимаратты жалға алуға, түрлі аутсорсинг қызметтерге кетеді», - деді.

Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева конференцияға бөлініп отырған қаржының аз емес екендігіне назар аударды. Ол министр Бақыт Сұлтановтан «Шараға келетін 5000 адамның бәрі біздің есебімізден жүріп-тұра ма?» деп сұрады.

«Біз оларды тек техникалық жағынан жабдықтаймыз. Жүретін көлік береміз. Ал қонақ үйге өздері төлейді. Осылайша делегаттардың есебінен жергілікті бюджетке орташа есеппен 250 млн теңге түседі», - деп жауап берді.

Айта кетейік, мемлекетке, халыққа материалдық пайдасы жоқ қымбат «имидждік» жобалардан бас тарту туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет ескерткен болатын.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары