Еңбек министрі жылды қорытындылады
Пандемияға байланысты кірісінен айырылған 4,6 миллион қазақстандық 42 500 теңге көлемінде төлем алған
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов ведомствоның 2020 жылғы жұмысын қорытындылады.
COVID-19 пандемиясына байланысты кірісінен айырылған 4,6 миллион қазақстандық жалпы сомасы 476,1 миллиард теңгеге ең төменгі жалақы (42 500 теңге) мөлшерінде ай сайынғы төлем алды.
Сондай-ақ, төтенше жағдай және карантин кезеңінде жалпы сомасы 25 миллиард теңгеден астам қаржыға 1,1 миллионнан астам адамға азық-түлік, тұрмыстық жиынтықтар сатып алуға қосымша қолдау көрсетілген.
«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын және басқа да мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудың арқасында 1,2 миллион жұмыс орнын құруға және сақтап қалуға мүмкіндік туған.
Қосымша қолдау мақсатында зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері екі рет индекстелді. Базалық зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақылардың өсімі 2019 жылмен салыстырғанда 10%-ды, ынтымақты зейнетақының өсімі 12%-ды құрады.
Министр 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап көпбалалы және табысы аз отбасыларды әлеуметтік қолдаудың жаңа тәсілдері енгізілгенін атап өтті. Бүгінде 413,4 мың көпбалалы отбасы ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы алады, оның мөлшері отбасының табысына емес, балалардың санына байланысты болып келеді.
Айтуынша, табысы аз отбасылардың балалары үшін 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап кепілдік берілген әлеуметтік топтама енгізілді. Әлеуметтік көмектің бұл түріне 430 мың балаға алғаш рет 17,5 миллиард теңге қарастырылған.
2020 жылы бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы 2019 жылмен салыстырғанда: мәдениет және өнер саласында 35%-дан 50%-ға дейін, педагогтерге 4 жыл ішінде жыл сайын 25%-ға, әлеуметтік қызметкерлерге 15%-дан 60%-ға дейін арттырылды.