Сенат депутаттары Білім министрлігінен бөлек Жоғары білім және Ғылым министрлігін құруды ұсынды
Сондай-ақ, ЖОО ректорларын екі жылға сайлау мәселесі ұсынылды

Бүгін Мәжіліс пен Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын ұсынды. Бастама көтерген топтың атынан баяндаманы Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Мұрат Бақтиярұлы оқыды.
«Орта білім беру жүйесі өте күрделі, ол елдің дамуы үшін өлшеусіз рөл атқарады. Білім және Ғылым министрлігі үздіксіз білім беру жүйесінің, балабақшадан бастап, жоғарғы білімге дейінгі барлық проблемалармен шұғылданады. Бұл өте үлкен жүктеме. Ол еліміздің халқының жартысын қамтиды. Мұндай жүктеме басқа бірде-бір министрлікте жоқ. Сондықтан да мектепте білім беру жүйесін оңтайлы басқару тиімділігін қамтамасыз ету үшін Білім және Ғылым министрлігі базасында штат санын көбейтпей екі министрлік: Білім министрлігі мен Жоғары білім және Ғылым министрлігін құратын уақыт жетті деп ойлаймын», - деді Мұрат Бақтиярұлы.
Комитет төрағасы үш тілді білім беруге бөлінген 13 млрд теңге өзін ақтамағанын мәлім етті. Сондай-ақ, ректорларды төрт жылға тағайындау ұсынылды.
«Елімізде ондаған жылдар бойы тапжылмай ректорлық қызмет атқарып келе жатқандар бар. Нарық заманында бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Ректорларды ЖОО-на тағайындағанда кемінде төрт жылға тағайындап және ол екі мерзімнен артық ректор лауазымында қызмет атқара алмайтындай қағидат енгізуіміз керек. Менің пікірімше, ұлттық ЖОО басқа барлық өңірдің әлеуметтік-экономикасына мамандар даярлайтын өңірлік ЖОО «Қамқоршылар Кеңесіне» сүйеніп басқару арқылы орталықсыздандыруды дұрыс деп есептеймін. 2015-2020 жылдар аралығында үш тілді білім беруді дамытудың жол картасы жасалынды. Оған бюджеттен 13 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, 16588 мектеп мұғалімдері ағылшын тілін меңгерді деген сертификат алды. Алайда, осынша қыруар қаржы бөлінгенімен, 2019 жылы ағылшын тілін меңгеруге қатысты халықаралық рейтингте Қазақстан 100 елдің арасында 93 орын алды. Бізден кейін, Камбоджа, Ирак, Ливия сияқты елдер тұр. Мұны қалай түсінуге болады?!», - деді М.Бақтиярұлы.
Аталған заң жобасы Сенаттың екінші қаралымына қалды.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан