Зейнетақы қорынан кім, қалай ақша ала алады? Үкімет қағидатын жария етті

Ақшаны қолма-қол бермейді

Зейнетақы қорынан кім, қалай ақша ала алады? Үкімет қағидатын жария етті
Фотоколлаж

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсаттарына пайдалану қағидалары» туралы бұйрықтың жобасын талқылауға шығарды. Халық 22 желтоқсанға дейін талқылап, құжатқа қатысты өз пікірін айта алады.

Бұйрық талқылаудан «аман-есен» өтіп, қол қоюға кетсе, ол 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Azattyq Ruhy агенттігі көлемді құжаттың маңызды тұстарын тізіп, баспана мәселесін біржақты ету үшін Қордан кім, қалай және неше күнде ақша шеше алатынын жазады. Яғни, қаңтардан бастап, Қазақстанда зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға пайдалану тәртібін айқындайтын бірден-бір құжат осы болады. Айта кетейік, емделу үшін немесе құнды қағаздарға инвестиция жасау үшін БЖЗҚ-дан ақша алудың ережелері әзірге дайын болған жоқ.

БЕС ЖЫЛ БОЙЫ САТА АЛМАЙСЫЗ ЖӘНЕ ТУЫСТАР АРАСЫНДА САУДА ЖАСАУҒА РҰҚСАТ ЖОҚ

Осы қағидаға сәйкес, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының бірреттік ақшасына алынған жылжымайтын мүлікті алдыңғы бес жыл ішінде сатуға қақыңыз жоқ болады. Бұл ереже құжаттың 10-пунктінде жазылған. Тіпті, БЖЗҚ-дан ипотекаңыздың қалған ақшасын жабу үшін ақша алсаңыз да, ол үйді бес жыл ішінде сата алмайсыз.

«10. Алушылар жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу жөніндегі уәкілетті органда оған меншік құқықтары тіркелген күннен бастап 5 жыл ішінде:

  • біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалана отырып сатып алынған/салынған;
  • берешегі ішінара/толық өтелетін немесе біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен қайта қаржыландырылатын ипотекалық тұрғын үй қарызы есебінен сатып алынған/салынған (2021 жылғы 1 қаңтарға дейін сатып алынған/салынған жылжымайтын мүлікті қоспағанда);
  • алдын ала тұрғын үй қарызы, аралық тұрғын үй қарызы, берешегі біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен ішінара/толық өтелетін тұрғын үй қарызы есебінен сатып алынған/салынған (2021 жылғы 1 қаңтарғадейін сатып алынған/салынған жылжымайтын мүлікті қоспағанда) жылжымайтын мүлікті иеліктен шығара алмайды.

ҚОРДАҒЫ ӨЗ АҚШАҢЫЗ ҚОЛЫҢЫЗҒА ТҮСПЕЙДІ

Сонымен қатар, мүлік сатып аламын деп, зейнетақы қорынан шешкен ақшаңыз қолыңызға тимейді. Қолма-қол ақша алуға Қағиданың 11-ші пункті тыйым салып отыр.

«11. Біржолғы зейнетақы төлемдерін осы Қағидаларда көзделген тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсаттарына пайдалану қолма-қол ақшасыз тәсілмен жүзеге асырылады», - деп бекіткен құжатты әзірлеген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.

Есесіне, жинағыңыздың есебінен алынған мүлікті жақындарыңыздың атына рәсімдей аласыз. «12. Біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалана отырып, сатып алынған/салынған жылжымайтын мүлік алушының және (немесе) алушының жұбайының (зайыбының) және (немесе) алушының жақын туыстарының меншігіне ресімделуі мүмкін», - деп жазады ережені әзірлегендер.

ҚОЛМА-ҚОЛ АҚША ЖОҚ БОЛСА, САТЫП АЛУ ПРОЦЕСІ ҚАЛАЙ ЖҮРЕДІ?

Бұйрық күшіне енген соң, зейнетақы қорында өз жасыңызға сәйкес, шешуге болатын артық ақшаңыз болса, сіз бүкіл процестен Egov порталы арқылы өтесіз. Құжатта қарапайым азаматтар халыққа қызмет көрсету орталықтарына бара ала ма деген сұрақтың жауабы жоқ. Логика бойынша, электронды қолтаңбасы жоқ азамат ХҚКО-ға барып, өтініш беруі тиіс. Оны уақыт көрсетеді.

Ал, енді зейнетақы қорындағы ақшаңыздың бір бөлігін аламын деп шешсеңіз, ең алдымен, осы ережені орындауға міндетті уәкілетті органның бірі – Отбасы банкінен арнайы шот ашасыз. Ақша сол шотқа, одан ары сіз мүлік сатып алып отырған адамның атына түседі. Маңызды сәттің бірі мынау: шот ашуға, шоттан ақша аударуға кететін шығынды сіз төлейсіз. Одан да маңыздысы, егер сіз шотыңызға түскен ақшаны екі ай ішінде мүлік сатып алуға пайдаланбасаңыз, ол қайтадан БЖЗҚ-дағы шотыңызға кетеді. Қағида бұл ережелерді құжаттың үшінші тарауына бекіткен, біз ереженің ресми мәтінін өзгертпей ұсынып отырмыз:

«3-тарау. Өтініштерді қарау тәртібі.

13. Уәкілетті оператор алушылардың біржолғы зейнетақы төлемдерін мақсатты пайдалануын тексеруді жүзеге асырады. Осы Қағидаларда көзделген мақсаттарға арнайы шоттан біржолғы зейнетақы төлемдерін аударуға байланысты уәкілетті оператордың қызметтері уәкілетті оператордың ішкі құжаттарына сәйкес алушылардың қаражаты есебінен төленеді.

14. Алушы ЭЦҚ арқылы уәкілетті оператордың интернет-ресурсында авторландырылады және өзінің жеке кабинетін ашады, онда біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану туралы ақпаратты (оның ішінде біржолғы зейнетақы төлемдерінің сомасы мен пайдалану мақсатын) қамтитын біржолғы зейнетақы төлемдерін алып қоюға арналған өтінішті толтырады және алушының ЭЦҚ-сымен куәландырылады.

15. Алушы біржолғы зейнетақы төлемдерін алушының зайыбы (жұбайы), алушының жақын туыстары пайдаланған жағдайда, соңғылары да ЭЦҚ арқылы уәкілетті оператордың интернет-ресурсында авторландырылады және өзінің жеке кабинетін ашады және ЭЦҚ-мен куәландырылатын біржолғы зейнетақы төлемдерін алуға арналған өтінішті толтырады.

16.Алушының (алушының жұбайының (зайыбының), алушының жақын туыстарының) біржолғы зейнетақы төлемдерін алуға электрондық өтініші қол қойылғаннан кейін БЖЗҚ-ға келіп түседі.

Уәкілетті оператор мен БЖЗҚ арасында ақпарат алмасу олардың ақпараттық жүйелерін интеграциялау арқылы жүзеге асырылады.

17. БЖЗҚ біржолғы зейнетақы төлемдерін алуға арналған өтінішті алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде біржолғы зейнетақы төлемдерінің сұратылған сомасын (бірақ қаражатты алуға жол берілетін ең жоғары сомадан аспайтын) уәкілетті операторға аударады, ол оларды алушының (алушының жұбайының (зайыбының), алушының жақын туыстарының) арнайы шотына аударады.

Алушы алушының жұбайының (зайыбының), алушының жақын туыстарының біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдаланған жағдайда, Тараптар жеке кабинетте біржолғы зейнетақы төлемдерін беру туралы келісім жасасады, ол ЭЦҚ-мен куәландырылады.

18. Алушы уәкілетті операторға уәкілетті оператордың ішкі құжаттарына сәйкес қаражаттың мақсатты пайдаланылуы жөніндегі құжаттарды ұсынады.

Осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген ауыртпалықтың бар-жоғын растау мақсатында алушы «Құқықтық кадастрдан ақпарат беру қағидаларын бекіту турал» Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2012 жылғы 28 наурыздағы № 131 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7586 болып тіркелген) бекітілген нысан бойынша жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) және оның техникалық сипаттамалары туралы анықтама ұсынады.

19. Алушылардың біржолғы зейнетақы төлемдерін алуға байланысты құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ олардың біржолғы зейнетақы төлемдерін мақсатсыз пайдаланғаны, осы Қағидалардың талаптарын бұзғаны үшін жауаптылығы уәкілетті оператор мен алушылар арасындағы тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану туралы келісімде айқындалады.

20. Уәкілетті оператор алушы ұсынған біржолғы зейнетақы төлемдерін нысаналы пайдалану жөніндегі құжаттарды тексереді және олар уәкілетті оператордың ішкі құжаттарының талаптарына сәйкес келген жағдайда, осындай құжаттарды алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде біржолғы зейнетақы төлемдерін олардың нысаналы мақсаты бойынша аударады.

21. Алушының меншігінде тұрғын үй тұрғын үй/бірнеше тұрғын үй және (немесе) жер учаскесінің (учаскелерінің) болуы біржолғы зейнетақы төлемдерін алудан бас тартуға негіз болып табылмайды.

22. Алушы келіп түскен біржолғы зейнетақы төлемдерін осы Қағидаларда көзделген тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсаттарына пайдаланбаған жағдайда, олар арнайы шотқа келіп түскен күннен бастап 2 (екі) ай ішінде уәкілетті оператор бұл біржолғы зейнетақы төлемдерін БЖЗҚ-ға кері қайтарады», - деп жазылған ережеде.

ҚОРДАН АҚША АЛУ ҮШІН КЕЗЕК ҚҰРЫЛАДЫ

Сонымен қатар, өтініш берушілер көп болған жағдайда, интернет ресурстар «баяулап» қалмас үшін қордан ақша алатын азаматтардың кезегі құрылады. Бұл құжаттың 24-ші пунктінде жазылған.

«24. Интернет-ресурстың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында уәкілетті оператор сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектерде басшылықты, халықты әлеуметтік қорғау саласындағы салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы органмен келісімі бойынша алушылардың біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалануға өтініштерін қабылдау кезектілігін белгілейді», - деп бекіткен кезекке қатысты ережені министрлік. Бірақ, кезекке тұрғызу талабы қандай болатыны белгісіз.

БЖЗҚ-дан баспана алуға қатысты тәртібінің ең маңызды әрі бұған дейін айтылмаған жаңалықтары, міне, осындай. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырма берген соң, Үкімет бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жинақтың бір бөлігін баспана, емделу және инвестиция үшін шешіп алуға болатындай шешім қабылдаған. Неше жасында неше теңге жинағы бар азамат неше теңге көлемінде бір реттік жарна ала алатынын бұған дейін жазғамыз. Әзірге, сомаға қатысты өзгеріс жоқ. (Графика)

Ал, дәл жылжымайтын мүлік бойынша азаматтар (қордағы шотында ақшасы артылып тұрған азаматтар - авт.) баспана алудың бірнеше жолына ақша ала алады. Қағидаға сәйкес, азамат БЖЗҚ-дан:

1) тұрғын үй сатып алу, оның ішінде тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартты ресімдеу, тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында жекешелендіру, бөліп-бөліп төлеу, тұрғын үйді айырбастау жолымен сатып алу;

2) сатып алу құқығымен жалдау шарты бойынша берешекті ішінара/толық өтеу;

3) жеке тұрғын үй құрылысы және (немесе) жер учаскесін сатып алу (нысаналы мақсаты – жеке тұрғын үй құрылысы немесе жеке қосалқы шаруашылық);

4) екінші деңгейдегі банктерден, ипотекалық ұйымдардан тұрғын үй сатып алуға, оның ішінде тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартты ресімдеу, тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында сатып алу құқығымен жалдау, жекешелендіру, бөліп-бөліп төлеу, тұрғын үйді айырбастау, жеке тұрғын үй салу және (немесе) жер учаскесін сатып алу (нысаналы мақсаты – жеке тұрғын үй құрылысы немесе жеке қосалқы шаруашылық) үшін ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарнаны енгізу.

Бір банктік қарыз шарты шеңберінде тұрғын үй сатып алуға және оны жөндеуге ипотекалық тұрғын үй қарызын беруді жүзеге асыруға жол беріледі.

5) алдын ала тұрғын үй қарызын, аралық тұрғын үй қарызын, банктен тұрғын үй сатып алуға тұрғын үй қарызын алу мақсатында, оның ішінде тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартты ресімдеу, тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында сатып алу құқығымен жалдау, жекешелендіру, бөліп-бөліп төлеу, тұрғын үйді айырбастау, жеке тұрғын үй салу (нысаналы мақсаты – жеке тұрғын үй құрылысы немесе жеке қосалқы шаруашылық  үшін бар жер учаскесін сатып алуды қоса алғанда) мақсатында, сондай-ақ ипотекалық тұрғын үй қарызын қайта қаржыландыру мақсатында тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шарт бойынша салымды толықтыруға ақша ала алады.

«Бір банктік қарыз шарты шеңберінде алдын ала тұрғын үй қарызын, аралық тұрғын үй қарызын, тұрғын үй сатып алуға және оған жөндеу жүргізуге тұрғын үй қарызын беруді жүзеге асыруға жол беріледі. Екінші деңгейдегі банктерден, ипотекалық ұйымдардан тұрғын үй сатып алуға, оның ішінде тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартты ресімдеу, тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында сатып алу құқығымен жалдау, жекешелендіру, бөліп-бөліп төлеу, тұрғын үйді айырбастау, тұрғын үйді жөндеу, жеке тұрғын үй салу (нысаналы мақсаты – жеке тұрғын үй құрылысы немесе жеке қосалқы шаруашылық үшін бар жер учаскесін сатып алуды қоса алғанда) жолымен алынған тұрғын үй ипотекалық қарыздары қайта қаржыландыруға жатады», - деп бекіткен ережені министрлік.

Қағиданың толық мәтінін мына сілтемеден таба аласыз.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.