$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
17.11.2020, 15:53
Үкімет

Пандемия денсаулық сақтау жүйесіндегі проблемаларды ашты – ДСМ

Денсаулық сақтау министрлігінде сыбайлас жемқорлыққа әсер ететін жағдайларға талдау жүргізіледі

Пандемия денсаулық сақтау жүйесіндегі проблемаларды ашты – ДСМ
Фото: ашық дереккөзден

Денсаулық сақтау министрлігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірге сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу бойынша кеңес өткізді. ДСМ бірінші вице-министрі Марат Шорановтың төрағалығымен өткен жиынға министрліктің барлық құрылымдық бөлімшелерінің басшылары қатысты. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады. 

«Пандемия бүкіл денсаулық сақтау жүйесінің күшін сынауда және біздің қызметімізге айтарлықтай түзетулер енгізді. Жұмыс барысындағы кейбір процестердің жетілмегендігін, солардың ішінде сыбайлас жемқорлық компоненттерін, жылдар бойы жинақталған проблемаларды ашты», - деді бірінші вице-министр.

2 қазанда Денсаулық сақтау жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша министрліктің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен бірлескен отырысы барысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой департамент жүргізіп жатқан жұмыстар туралы айтып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және жою бойынша ынтымақтастыққа дайын екенін білдірген еді. Сондай-ақ, министр орталық аппараттағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізуді бастағанын айқан болатын. Сонымен бірге агенттік төрағасы Алик Шпекбаев бұл бастаманы қолдаған. Алдағы уақытта осындай жұмыстар министрліктің жаңадан құрылған комитеттері мен аумақтық департаменттерінде жүргізіледі.

«Осы жылдың 16 қарашасында бірлескен бұйрыққа қол қойылды, соның аясында жұмыс тобы министрліктің ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметі мен нормативтік құқықтық актілеріндегі 2020 жылғы 17 қарашадан 20 желтоқсанға дейін сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізеді», - деді М. Шоранов.

Сонымен бірге, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «СҚ-Фармация» және әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді. Қазір кемшіліктерді жою жұмыстары жалғасуда.

«Министрлік денсаулық сақтау жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық фактілерін алдын алу үшін ашықтық және объективтілікті басшылыққа алады. Сонымен қатар, біз жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз», - деді бірінші вице-министр.

Серіктес жаңалықтары