$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
17.11.2020, 10:19
Үкімет

2021 жылы қағаз анықтамалардан арылуымыз қажет – Асқар Мамин

Мамандырылған ХҚКО-да тек жүргізуші куәлігін алу қызметі қалмақ

2021 жылы қағаз анықтамалардан арылуымыз қажет – Асқар Мамин

Қазір Қазақстанда мемлекеттік қызметтердің 700-ге жуық түрі бар. Олардың 80,5 пайызы электронды түрде көрсетіледі. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 90 пайызға жеткізу көзделген. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Үкімет отырысында мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, 200-ден аса мемлекеттік қызмет түрін алуға халық әлі де тікелей мемлекеттік орган немесе әкімдікке жүгінеді. Сонымен қатар, отырыс барысында eGov.kz порталында әлі күнге дейін шешімін таппаған мәселелелер сөз болды.

«Egov-та 600-ге жуық қызмет бар. Сервистер санының көптігіне байланысты әр қызметті адамдардың үдесінен шығатындай етіп жасау қиын мәселе. Мамандырылған ХҚКО-на жыл сайын 3 млн-нан астам халық жүгінеді. Үлкен кезек болып жатады. Азаматтар автокөлікті тіркеу қызметі онлайн болса да, орталыққа тікелей келіп, бірнеше сағат уақыт жұмсайды. Ал жаңа процесс бойынша сатып алушы көлік сататын адамның шотына ақша аударғанда, көлік иесі автоматты түрде өзгереді», - деді Бағдат Мусин.

Аталған қызмет түрлері екінші деңгейлі банктердің қосымшасы арқылы жүзеге асырылмақ. Осылайша, мамандырылған ХҚКО-да тек жүргізуші куәлігін алу қызметі қалмақ. Бұдан бөлек, қоғамдағы өзекті проблемаға айналған ЭЦҚ-ны орнату тетігі оңтайландырылмақ.

«Осы мәселені шешу мақсатында порталда биометрия арқылы тіркелу мүмкіндігі іске асырылды. Енді электронды үкімет порталының пайдаланушысы болу үшін смартфонды алдыңызға қойып, келбетіңізді көрсету жеткілікті. Қазір осы механизм тестілеуде, осы айдың соңына дейін іске қосамыз», - деді Мусин.

Цифрлық құжаттар сервисінің тізіміне алдағы уақытта жеке куәліктен бөлек, жүргізуші куәлігі мен диплом да қосылмақ. Сондай-ақ, жыл соңына дейін анықтама берудің 30-ға жуық түрін алып тастау жоспарланғаны белгілі болды. Яғни, азамат қажет мәліметтерді телефоны арқылы көрсету мүмкіндігіне ие болады. 

Үкімет басшысы Асқар Мамин электронды қызмет көрсету жүйесінің жұмысы Алматы облысы мен Шымкентте тиісті деңгейде емес екендігін ескеріп, министрге бірқатар тапсырмалар жүктеді.

«Цифрлық даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, барлық әлеуметтік маңызды мемлекеттік қызметтерді eGov Mobile-ға ауыстыру бойынша жоспарды бекітуді тапсырамын. Жалпы, 2021 жылы «қағаз» анықтамалардың қажеттілігін толығымен жоюымыз керек. Азаматтарға арналған барлық онлайн-қызмет пен сервистердің 100 пайыз қолжетімділігін қамтамасыз етуіміз қажет», - деді Премьер-министр.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары