Бюджет қаражатын игере алмай отырған әкімдіктер мен министрліктердің аты аталды

Қаржы министрі ескерту жасады

Бюджет қаражатын игере алмай отырған әкімдіктер мен министрліктердің аты аталды
Фото: Батыржан Беспаев

Биыл бірінші жартыжылдықта әлемдік инвестиция көлемі 2 есеге төмендеген. Кейбір мемлекеттерде шектеу шаралары қайта күшейтілді. Бұл туралы Ұлттық Экономика министрі Руслан Дәленов бүгінгі Үкімет отырысында мәлімдеді.

Рсулан Дәленов елімізде осы жылдың қазан айында қыркүйекпен салыстырғанда қызметтер саласы біршама артқанымен, шектеу шалалары әлі теріс әсерін тигізіп жатқанын айтты.

«10 айдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім 2,9%-ға төмендеп, қызмет көлемі 6,1%-ға қысқарды. Төмендеу көрсеткіші көлік, сауда, ғылыми және техникалық қызмет, жылжымайтын мүлік операциялары, әкімшілік қызмет көрсету салаларында байқалды», - деді министр.

Сондай-ақ министр баяндамасында экономиканы кредиттеу жыл басындағы жағдаймен салыстырғанда 3,5%-ға артқанын мәлімдеді. Кредиттеу ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және құрылыс салаларында артқан.

Сондай-ақ, Үкімет отырысында есеп берген Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев соңғы 10 айдың ішінде мемлекеттік бюджетке түскен кірістің сомасы 6,8 трлн теңгені құрағанын айтты.

«Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,8%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары - 99,7%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары – 98%-ға атқарылды. Республикалық бюджеттің шығыстары 11 трлн 284 млрд теңгені құрады. 32 млрд теңге бойынша жұмыс атқарылмаған. Оның ішінде үнемдеу – 8 млрд теңге болса, игерілмегені – 24 млрд теңге», - министр Үкімет отырысында.

Қаражатты игермеудің ең жоғары көрсеткіші мына өңірлерде қалыптасқан: Ақтөбе облысында – 3,2 млрд теңге, Алматы қаласында – 3 млрд теңге, Солтүстік Қазақстан – 2,5 млрд теңге, Батыс Қазақстан – 2,3 млрд теңге, Түркістан облыстарында – 1,9 млрд теңге.

Қаржы игере алмау жағдайы мынадай орталық мемлекеттік органдарда да бар: Қаржы министрлігі – 2 млрд теңге, Ауыл шаруашылығы министрлігі – 1,9 млрд теңге, Әділет министрлігі – 1,6 млрд теңге, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі – 1,2 млрд теңге, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі – 1,1 млрд теңге.

Қаржы министрі орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардарға жоспарланған қаражатпен қатар, Үкімет резервінен бөлінген ақшаны да игеруі тиіс екенін еске салды.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.