$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
09.11.2020, 12:36
Үкімет

Бос тұрған 17 судья лауазымына бірде-бір үміткер қатысқан жоқ – Жоғары сот кеңесі

Бос орындарға қайта конкурс жарияланады

Бос тұрған 17 судья лауазымына бірде-бір үміткер қатысқан жоқ – Жоғары сот кеңесі
Фото: zanmedia.kz

Елімізде бірқатар судья лауазымдарына арналған конкурстық іріктеу аяқталды. Бұл туралы ҚР Жоғары сот кеңесінің мүшесі Нұржан Жолдасбеков кеңестің тоғызыншы отырысының қорытындысына арналған онлайн-брифинг барысында мәлімдеді.

Жоғарғы соттың 2 судьясы, аудандық соттың 1 төрағасы, облыстық соттың 1 судьясы, аудандық соттардың 40 судьясы лауазымдарына жарияланған конкурсқа барлығы 342 үміткердің өтініш білдірген.

«Судья боламын деген үміткерлер саны өте көп екенін атап өткен жөн. Мысалы, Жоғарғы сот судьясы лауазымына – 17 адам, аудандық соттардың судьясы лауазымына – 274 адам, Алматы қалалық сотының судьясы лауазымына 49 үміткер құжат тапсырды», - деді Нұржан Жолдасбеков.

Жоғары сот кеңесінің мүшесі үміткерлердің көбі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы аудандық соттардың судьясы лауазымына құжат тапсырғанын айтты. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласының Есіл аудандық сотының судьясы лауазымындағы бір орынға 90 адам қатысса, Сарыарқа аудандық соты мен Алматыдағы Бостандық аудандық сотындағы бос лауазымға 87 үміткер құжат тапсырған екен. Ал республикамыздың шалғай аудандарында конкурсқа қатысқандар саны өте аз.

«Аудандық соттардың судьясы лауазымына өтініш тапсырғандар саны бірнеше есеге аз болып шықты. Сондай-ақ, аз құрамдағы және шалғайдағы бірнеше сотта бос тұрған 17 судья лауазымына бірде-бір үміткер ниет танытқан жоқ», - деді Нұржан Жолдасбеков.

Жоғары сот кеңесінің өкілі алдағы уақытта бұл бос орындарға қайта байқау жарияланатынын мәлімдеді.

Айта кетейік, конкурстың қорытындысы бойынша аталған лауазымдардың бос орындарына іріктеп алынған судьялардың 21-і – ер адам, 23-і – әйел.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары