$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
05.11.2020, 12:31
Үкімет

Елбасының бастамасымен ашылған жаңа университет ғимараты қаңырап бос тұр – сенатор

Депутат Түркістандағы оқу орнына қаржы бөлуді сұрады

Елбасының бастамасымен ашылған жаңа университет ғимараты қаңырап бос тұр – сенатор
Көрнекі сурет: ЖОО эскизі

Жаңа оқу жылынан бастап студент қабылдаған Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және меймандостық университетінің ғимараттары қаңырап бос тұр. Өйткені оқу орнын жабдықтауға қажетті қаражат әлі бөлінбеген. Бүгін сенатор Әлімжан Құртаев осы мәселені көтеріп, Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады.

Ол Түркістан қаласының отандық туризм саласындағы рөліне назар аударып, осы бағытта маман даярлайтын білім ордасының маңызы зор екенін айтты. Дегенмен, депутат Елбасының бастамасымен және Мемлекет басшысының тапсырмасымен ашылған университет ғимараттарының әлі күнге дейін жабдықталмағанына қынжылысын білдірді.

«Әзірге бұл дау-дамайдан пандемия құтқарып тұр деуге болады. Себебі, студенттер індетке байланысты қашықтан білім алып жатыр. Қазір Білім және ғылым министрлігі дәстүрлі білім алуға көшу мәселесін қозғап жатқаны белгілі. Мұндай жағдайда бұл университеттің студенттері не істейді?», – деді сенатор.

Депутаттың айтуынша, Түркістан облысының әкімдігі оқу орнына арнайы 4 ғимарат бөлген. Оның екеуі жаңа болса, екеуі жөндеуден өткізілген бұрынғы нысандар. Қазір таңда аталған білім ошағында 588 азамат 6 бағыт бойынша білім алып жатыр екен. Сенатор осы мәселені оңтайлы шешу үшін тиісті қаражат бөлуді сұрады.

«Қазір Халықаралық туризм және меймандостық университеті толық жұмыс істеп тұрған жоқ. Оқу үдерісі тек бірінші курста ғана жүргізіліп жатыр. Соны ескере отырып, 4 негізгі ғимараттың біреуін жабдықтауға қажетті 577 миллион теңгені 2021 жылдың бюджетінде қарастыруды сұраймыз», – деді Әлімжан Құртаев.

Сондай-ақ депутаттық сауалда қазақтың даңқты палуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойына орай салынуы тиіс мемориалдық кешен құрылысына да қаржы бөлінбегені айтылды.

«Мерейтойға орай Түркістан облысы, Ордабасы ауданында Қажымұқан Мұңайтпасұлының атына мемориалдық кешен салу жоспарланған. Нысанның құрылыс жұмыстары биылғы қараша айында басталып, кешен 2021 жылдың қазан айында пайдалануға берілуі керек еді. Алайда, құрылыс жұмыстарын бастау үшін тиісті қаражат қарастырылмаған», – деген депутат келесі жылдың бюджетінде осы мәселені де ескеруді сұрады.

Сауалға Әлімжан Құртаевпен бірге сенатор Әли Бектаев қол қойған.

Еске сала кетейік, 22 маусымда Түркістан қаласында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанынан Халықаралық туризм және меймандостық университеті ашылғаны хабарланды

Серіктес жаңалықтары