Ақмола облысындағы «теңселетін көпір» жөндеуден өтті
Шортаңды ауылы маңындағы көпір бойынша қозғалыс ашылды
13 қазанда куәгерлер Azattyq Rýhy редакциясына тұрғындар Ақмола облысында апатты жағдайда тұрған көпірдің видеосын жолдаған болатын. Олардың айтуынша, Ақмола облысы Шортанды ауданы Дамса ауылының тұсындағы А-1 автомобиль жолындағы көпірдің темірбетон конструкциялары ажыраған. Куәгерлер жолдаған видеодан ауыр жүк көліктері өткенде көпірдің «тербетіліп» тұрған сәтін анық байқауға болады.
Осы жағдайға байланысты «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ баспасөз қызметі пікір білдіріп, республикалық маңызы бар Нұр-Сұлтан – Щучинск автомобиль жолының 75 шақырымында, Ақмола облысы Шортанды ауданы тұсындағы жолайрықтан ақау шыққанын мәлімдеді.
Ақау шыққан көпірге байланысты «ҚазАвтоЖол» АҚ Шортанды ауданы әкімдігі және аудандық Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдерімен, «Қазжол ҒЗИ» АҚ мамандарымен бірлесіп комиссиялық тексеру жүргізген.
Комиссияның шешімімен ақау шыққан жолөткел айрығында барлық транспорт түрлері үшін қозғалысқа уақытша шектеу қойылды.
Бүгін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі аталмыш көпірдегі жөндеу жұмыстары аяқталғанын хабарлады.
«Көпірдегі аралық салмақтың теңгерімсіздігі нәтижесінде деформациялық жік тіреуіштерден ажырап қалған. Бұдан аралық құрылымның консоль бөлігі жоғарыға көтеріліп, ақау пайда болған. Айта кету керек, аталған өтпежол 12 жылдан астам уақыт бойы қолданыста. Оның ұзындығы 70 метрді құрайды. Қазір Нұр-Сұлтан – Шортанды ақылы учаскесінің 75-ші шақырымындағы көлік жолайрығы (Шортанды ауылы) бойынша көлік құралдары үшін қауіпсіз әрі үздіксіз жүріс қамтамасыз етілген», - делінген министрлік хабарламасында.