Карантинге дейін екі ел арасында 178 рейс жүзеге орындалатын болған
Кеше Azattyq Rýhy редакциясына Алматы облысының тұрғыны хабарласып, Ресей мен Қазақстан арасындағы әуе билеттерінің құны аспандап кеткенін айтып көмек сұраған еді.
Аталған мәселеге байланысты редакцияның ресми сауалына жауап жіберген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Мәскеу мен Нұр-Сұлтан, Шымкент пен Санкт-Петербор қалалары арасындағы әуе билетінің адам басына 1,5 миллион теңге болуына рейс санының азаюы себеп болып отырғанын айтты.
«Қазір РФ Үкіметінің 2020 жылғы 20 қыркүйектегі өкімі бойынша ҚР (Нұр-Сұлтан қ.) мен РФ арасындағы әуе қатынасын 2020 жылғы 21 қыркүйектен бастап әр тараптан аптасына бір рейстен қайта бастауға рұқсат етілді. Осылайша, елдер арасында бұрын жүзеге асырылатын 178 рейстің орнына қазір Нұр-Сұлтан – Мәскеу – Нұр-Сұлтан бағыты бойынша аптасына 2 рейс орындалуда. Қазіргі рейстердің саны жолаушылар сұранысын қанағаттандырмайды. Әуе билеттерінің қымбаттауы бойынша агрегаторлар (билеттерді сату жөніндегі делдалдық компаниялар) арқылы іздестіру және сатып алу кезінде жүйе жолаушыларға үшінші қалалар арқылы (мәселен, Дубай, Ыстамбұл, Киев қалалары арқылы) ауыстырып отыратын рейстерді ұсынады, өз кезегінде ұшу уақытының ұзақтығын арттырады, сондай-ақ авиабилеттің құнын арттырады», - делінген жауапта.
Министрліктің мәліметінше, шетелде оқитын студенттерге пандемия кезінде мемлекет тарапынан тек қолда бар билеттерін ауыстыруға жеңілдік қарастырылған.
«Төтенше жағдай кезінде компаниялар рейстерге әуе билеті бар жолаушылардан төлемдер мен айыппұл алмай, билетін басқа күндерге ауыстырады. Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның 2020 жылғы 16 наурыздағы № 1 хаттамасы бойынша авиакомпанияларға төтенше жағдай кезінде рейстерге авиабилеттері бар жолаушыларға айыппұлссыз және толық көлемде қайтару тапсырмасы берілді», - дейді.
Ведомствоның айтуынша, 2020 жылы билет тарифтерінің бағасы 2019 жылмен салыстырғанда өзгермеген.
«Авиакомпаниялар Нұр-Сұлтан – Мәскеу – Нұр-Сұлтан бағыты бойынша авиабилеттерге тарифтер көтермегенін атап өту қажет. Авиакомпаниялар авиабилеттерді сату кезінде қандай да бір рейске және ұшу күніне сұранысқа ие байланысты тарифтердің кең торы қолданылады. Мысалы, «Эйр Астана» авиакомпаниясының Нұр-Сұлтан – Мәскеу – Нұр-Сұлтан бағыты бойынша экономкласс авиабилеттерге тарифтік баға кестесі таңдалған тариф бойынша 92 872 теңгеден 459 223 теңгеге дейін өзгереді», - деп жауап берді министрліктің баспасөз қызметі.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан