Қазақстан үкіметі Түркістан қаласын түріктермен бірге дамытпақ

Автор: Azattyq Rýhy

Түркияда қол қойылған, сомасы 1,5 млрд долларды құрайтын 18 құжаттың тізімінде Түркістан қаласындағы инфрақұрылымды дамыту да қарастырылған

Фото: primeminister.kz

ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Түркияға жұмыс сапары аясында Түрік президенті Режеп Ердоғанмен және вице-президент Фуат Октаймен келіссөздер жүргізді. Сондай-ақ Қазақстан-Түркия үкіметаралық экономикалық комиссиясының ХІ отырысына, екіжақты бизнес-форумның ашылуына және түрік бизнесінің капитандарымен кездесуге қатысты.

Келіссөздер барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

Қазақстан-Түркия үкіметаралық экономикалық комиссиясының ХІ отырысының қорытындысы бойынша сауда және инвестициялар, өнеркәсіп, көлік, білім беру, денсаулық сақтау, туризм тәрізді және т.б. салаларда 65 пункттен тұратын бірлескен іс-қимылдар жоспары қабылданды.

Бұдан өзге, халықаралық аралас жүктерді тасымалдау туралы үкіметаралық келісімге, 2019-2021 жылдарға арналған «Жаңа синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасы бойынша іс-қимылдар хаттамасына, сондай-ақ, ҚР Сауда және интеграция министрлігі мен ТР Сауда министрлігі арасындағы «халал» санатындағы өнімдер бойынша ынтымақтастықты дамытуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

А.Мамин мен Ф.Октай қатысқан 500-ге жуық түрік және 100 қазақстандық іскерлік орта өкілдерінің қатысуымен Қазақстан-Түркия бизнес-форум аясында инфрақұрылым, индустрия, көлік-логистика салаларында, денсаулық сақтауда, қаржы нарығын дамытуда, мемлекеттік-жекешелік әріптестікте тәжірибемен алмасу және т.б. салаларда бірлескен жобаларды іске асыруды қарастыратын, жалпы $1,5 млрд сомасына 18 құжатқа қол қойылды.

Атап айтқанда, Қазақстанда қатпаркартон қаптама, лак-бояу өнімдері өндірістерін, «Ақтөбе–Гебзе» индустриялық аймағын ашу, Түркістан қаласын инфрақұрылымдық дамыту, сондай-ақ Алматы мен Қарағандыда университеттік клиникалар салу, Көкшетау, Қызылорда, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Таразда көпбейінді ауруханалар салу, Шымкент пен Ақтөбеде диагностикалық орталықтар салу туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.