Елорданы жарықсыз қалдырған жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалды
ІІМ Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов жарықсыз қалған Нұр-Сұлтан қаласындағы жағдайға байланысты қымыстық іс қозғалғанын айтты. Бұл туралы tengrinews.kz хабарлайды
«10 қарашаға қараған түні «Левобережная» подстанциясында апат болып, 5 мемлекеттік нысан мен тұрғын үй кешені жарықсыз қалды. Төтенше жағдайлар комитетінің, әкімдік пен құтқару қызметінің жедел қимылының нәтижесінде олқылықтар жойылды», - дейді департамент басшысы.
ІІМ өкілі бұл жағдайдың толықтай ведомство бақылауында болатынын айтты.
«Апаттан кейін 292 бап бойынша өрт қауіпсіздік ережелерінің бұзылғаны үшін сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл жұмыстар елордалық полиция департаментінің жедел-тергеу тобына жүктелді. Ал, тергеу барысын ІІМ бақылауда ұстайды. Мамандардың қатысуымен өтетін сотқа дейінгі тергеу кезінде подстанция жан-жақты зерделеніп, апаттың себептері анықталады. Және сотқа дейінгі тергеу нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданады», - дейді Санжар Әділов.
Департамен басшысы сарапшылардың апат болған жерді тексеруге енді ғана кіріскенін айтты.
«Тергеу мерзімі екі айға созылады. Біз тергеу жұмыстарын барынша мұқият жүргізіп, кінәлі адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесін шешуіміз керек», - дейді.