Армениядан әкелінген көліктерді тіркеу уақыты созылуы мүмкін – ІІМ
Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі айтты
Қазақстанға Армения мемлекетінен әкелінген автокөліктерді тіркеудің уақытын созу мәселесі қарастырылып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Тіркеу 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін жүргізіледі. Осы уақытқа дейін тіркелуі тиіс көліктің бәрі үлгереді деген жоспар бар. Азаматтардың өтінішін ескере отырып, Техникалық реттеу және метрология комитеті қайта жабдықталған көліктерге жағдай жасап отыр. Ал біз (ІІМ – авт.) қайта жабдықталған көліктерді тіркеу уақытын созу мәселесін қарастырып жатырмыз», - деді бүгінгі брифингте Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов.
Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділда Ораз бұған дейін тіркеуге жататын 14 мың көліктің 10 мыңы құжаттарын реттеп қойғанын хабарлаған. Үлгермеген көлік иелеріне айыппұл салынады. Тіркеудің жалпы құны 11 мың 946 теңгені құрайды.
Айта кетейік, Қазақстанда тек рөлі сол жақта орналасқан автомобильдерді ғана тіркеуге болады. Ал оң жақтағы рөл солға ауыстырылса, оның қауіпсіз екені туралы құжат болуы тиіс.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 24 қаңтарында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында шетелдік нөмірлі көлік иелеріне 2021 жылдың мамырына дейін уақыт берді.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан