800 мың теңге: «ҚазАгро» басшысы жалақымыз аз деп шағымданды

«ҚазАгро» Ұлттық холдингі төрағасы Ербол Қарашүкеев бүгін журналистерге жалақысы туралы айтып берді

800 мың теңге: «ҚазАгро» басшысы жалақымыз аз деп шағымданды
фото: Батыржан Беспаев

«Мен қолға (салық пен зейнетақы жарнасын есептемегенде - автор) 800 мың теңге көлемінде аламын. Бұл сіздердің түсініктеріңізде қаншалықты көп екенін білмеймін. Себебі бізде жұмыс ауқымы үлкен. Біз жеке секторды есептемегенде, басқа холдингтер арасында ең аз жалақы алатын ұйымбыз», - деді.

Сонымен қатар холдинг басшысы «ҚАзАгро» ТОП-менеджменті ешқандай бонус алмайтынын айтты. Бірақ еншілес компаниялар пайда әкеліп тұрғандықтан, олардың басшыларына сыйақы беріліп тұрады.

«Біз пайда әкеліп тұрған компанияларға сыйақы беруге мәжбүрміз. Әйтпесе жақсы мамандарды ұстап қала алмаймыз. Жақсы мамандарға әрқашан жақсы бонус, жақсы жалақы беріледі. Өткен жылы еншілес компанияларымыздың арасында жалақы деңгейі бойынша зерттеу жүргіздік. Соның нәтижесінде білікті мамандарды тарту үшін айлықты көтеру туралы ұсыныс айтылды», - деді Е.Қарашүкеев.

Негізі «ҚазАгроның» баспасөз қызметі журналистерді электрондық несиелеуге өтінім беру жүйесінің жұмысын таныстыру үшін шақырған. 

Айта кетейік, біраз күн бұрын Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин «ҚазАгро» холдингін «ақша түсіп, жоқ болып кете беретін» Бермуд үшбұрышына теңеп, сынаған болатын.

«ҚазАгро» арқылы ауыл шаруашылығына жүздеген миллиард жұмсалды. Соңғы 5 жылда компания капиталы 500 миллиардқа толықты. Тек 2018 жылдың өзінде 400 млрд шығын келтірді. «ҚазАгро» деген өзі бір жұмбақ құрылым болды. Тура Бермуд үштағаны сияқты, ақша түседі де, жоғалып кетеді», - деп сынады Мәжіліс төрағасы.

Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров холдинг құрамындағы 7 компанияның 3-еуі жабылатынын мәлімдеді. Нақтырақ айтқанда, екеуі толық жабылып, «Казагрогарант» компаниясы «Агрокредит корпорациясымен» бірігетін болған. 1100 қызметкерді жұмыстан қысқарту арқылы 3,2 млрд теңге үнемдейміз деген еді.

Ал, шілде айындағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚазАгро» басшылығын сынап, бұл бағытта реформа керегін тапсырған.

Ақпарат үшін:

«ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» 2006 жылы ауыл өнеркәсібі кешенін қолдау аясындағы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру үшін құрылған. Ол ауыл шаруашылығындағы стратегиялық жобалардың жалғыз операторы.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.