Қазақстанда келесі жылы «қызыл аймақтағы» бірде-бір ЖЭО қалмайды – Ақкенженовтің болжамы
Бұл туралы Энергетика министрі бүгін брифингте мәлімдеді
Бүгін үкімет отырысынан кейінгі брифинг кезінде Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов қазір Қазақстанның бес қаласындағы жылу электр орталығы «қызыл аймақта» екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Журналистер дәл қазір Қазақстанның неше қаласындағы жылу электр орталығы қызыл аймақта тұрғанын сұрады. Ақкенженов қызыл аймақтағы ЖЭО-лардың санын 19-дан беске дейін азайттық деп, нәтижелі жұмыс істегенін мәлімдеді.
«Қызыл аймақтағы» жылу электр орталықтарының санын азайту бағытындағы жұмыс жоғары деңгейде, жақсы жүріп жатыр. Біз осы рейтингтиі 2023 жылдан бастап қолданып келеміз. Сол жылдан бері «қызыл аймақтағы» 19 станцияның санын беске дейін қысқарттық. Олар Теміртау, Тараз, Семей, Орал және Ақтау қаласында орналасқан», - деді Ақкенженов.
Ақкенженовтің айтуынша, бұл жұмысты Энергетика министрлігі мен энергетикалық қадағалау комитеті бақылап отырады.
«Жалпы, келесі жылы Қазақстандағы жылу электр орталықтарын «қызыл аймақтан» толықтай шығарамыз деген жоспар бар», - деді Ақкенженов.