«Самұрық-Энерго» басшысы Алматыдағы үшінші ЖЭО-ны уақытында салмағаны үшін жұмысынан айырылғаны белгілі болды

Құрылыс бір жылға кешігеді 

«Самұрық-Энерго» басшысы Алматыдағы үшінші ЖЭО-ны уақытында салмағаны үшін жұмысынан айырылғаны белгілі болды
Фото: depositphotos.com

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, Алматыда ЖЭО-2 биыл желтоқсанның аяғында толық пайдалануға беріледі, ал ЖЭО-3 құрылысы келесі жылға қалады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Алматыда ЖЭО-2 қазандық бөлігі аяқталды. Қазір станция қалаға жылу беріп отыр. Электр энергиясын өндіретін бөлігі қараша айының соңында бітеді деп жоспарланған», - деді ол.

Министр биыл 25 желтоқсанда станция құрылысы толық аяқталатынын мәлім етті.

«ЖЭО-3 жобасына келсек, жағдай көңіл көншітпейді. «Самұрық-Қазына» компаниясының мәліметінше, жоба 2027 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Жауапкершілік мәселесіне келсек, жуырда «Самұрық-Энерго» АҚ-ның бұрынғы басшысы бірнеше рет құрылыс мерзімін кешіктіріп, өз міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін қызметінен босады. Бұл мәселеде жауапкершіліктен ешкім босатылмайды. Энергетика министрлігінің де өз жауапкершілігі бар,-деді  Ерлан Ақкенженов Үкіметтің баспасөз конференциясында.

Оның айтуынша, алдағы уақытта «Самұрық-Энерго» мердігер компанияның жұмысына бақылауды күшейтіп, барысын қадағалауға озық бағдарламалық өнімдер енгізіп, тәуелсіз инспекторлар тартылу керек.

Айта кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдаудағы сынынан кейін «Самұрық-Энерго» АҚ-ның бұрынғы басшысы Қайрат Мақсұтов жұмысынан қуылған. Оның орнына жаңа басшы Аңсар Айдаров келді.