Таңертең Аралдан шығып, кешке Ақтауда боласыз: Нәлібаев 2028 жылы жолға қатысты жақсы жаңалық болатынын айтты

Құмның ортасындағы елді мекендер байланысатын болады 

Таңертең Аралдан шығып, кешке Ақтауда боласыз: Нәлібаев 2028 жылы жолға қатысты жақсы жаңалық болатынын айтты
Фото: Freepik

Үкіметтің баспасөз конференциясында премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Арал – Каспий автомагистралі құрылысының қашан аяқталаныны айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Арал – Каспий жобасымен қатар Сексеуіл – Ұлғайсын, Ұлғайсын – Ақтөбе және Сексеуіл – Қызылорда бағыттарындағы үш ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Тамыз айында Мемлекет басшысы бұл жобаларды бастауға рұқсат берді. Қазір құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Екі апта бұрын Үкімет басшысының тапсырмасымен осы жобалардың барлығын өз көзіммен көріп шықтым. Қазір құрылыс алаңдарында қызу жұмыс жүріп жатыр. 500-ден астам техника мен мыңға жуық жұмысшы жұмылдырылған», - деді ол.

Оның сөзінше, бұған дейін екі өңірді байланыстыратын мұндай ірі автожолдар салынбаған.

«Бұрыннан салынып жатқан жолдардың бәрі қайта жаңғыртудан өтіп жатыр. Ал Арал – Каспий автожолы айдалада құмның арасында орналасқан екі өңірді байланыстырады. Арал ауданында Сексеуіл деген кент бар, содан басталып Бейнеуге дейін созылады. Ал Бейнеуден ары қарай Ақтауға дейін жол бар. Сонда таңертең Аралдан шығып кешке Ақтауда болуға мүмкіндік туады. Бұл жоба екі өңір үшін ғана емес, жалпы Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізінің бойындағы аумақтарды дамытуға септігін тигізеді», - деді ол.

Нұрлыбек Нәлібаев жобалардың аяқталу мерзімі 2026 -2029 жылдарға жоспарланғанын айтты. Қазір мердігерлермен жұмыстар жүргізіліп, 2028 жылы жобаны ел иігілігіне беруге дайындық болып жатыр.