Коронавирус: Ералы Тоғжанов «СҚ-Фармацияға» екі айлық дәрі-дәрмек қорын құруды тапсырды
Бүгін Ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е. Тоғжановтың төрағалығымен өткен Ведомствоаралық комиссияның отырысында бірқатар маңызды мәселелер қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі primeminister.kz-ке сілтеме жасап.
Денсаулық сақтау, сыртқы істер министрліктері COVID-19 вакцинасын сатып алуға алдын-ала келісімшарттар жасасу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Премьер-Министрдің орынбасары мемлекеттік органдарға вакцинациялауға жататын топтарды анықтауды, шығындар бойынша қажетті есептеулер жүргізуді, сондай-ақ COVID-19-дан егілуге рұқсат алатын үміткер вакциналар кешеніне қол жеткізуге мүмкіндік беретін «COVAX Facility» бағдарламасына Қазақстанның қатысу мүмкіндігіне талдау жасауды тапсырды.
Коронавирустық инфекцияға қарсы отандық вакцинаны әзірлеуді жеделдету, сондай-ақ ағымдағы жылдың соңына дейін Жамбыл облысындағы ҚР БҒМ Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты жанынан вакциналар өндіретін биофармацевтикалық зауытты іске қосу қажеттілігі ерекше аталып өтті.
Сондай-ақ, Е. Тоғжанов өңірлердің әкімдіктеріне және министрліктерге COVID-19-ға қарсы күреске тартылған медицина қызметкерлеріне тиісті үстемеақылар мен өтемақыларды уақытылы төлеуді қамтамасыз етуді тапсырды.
Отырыста «СҚ-Фармация» ЖШС басшылығының есебі тыңдалды, онда стационарлардағы дәрілік заттардың бір айлық қоры туралы баяндалды. Премьер-Министрдің орынбасары COVID-19 емдеу үшін екі айлық дәрі-дәрмек қорын қамтамасыз етуді, сондай-ақ азаматтарды үйде емдеу үшін қажетті қор құруды тапсырды.
Кеңес қорытындысы бойынша Е.Тоғжанов бірқатар нақты тапсырмалар берді.