Бектенов Тоқаевтың тапсырмасымен ашылған Ұлттық спорт университетін арнайы барып тексерді

Әйелдердің спорттағы мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған ҚР әйелдер бастамасы, сондай-ақ Life Chance Grant және Merit Grantгранттық бағдарламалары да жүзеге асырылып жатыр

Бектенов Тоқаевтың тапсырмасымен ашылған Ұлттық спорт университетін арнайы барып тексерді
Фото: Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов Астана қаласында ашылған Қазақ ұлттық спорт университетінің жаңа ғимаратына барып, оның технологиялық жарақтандыру деңгейімен және білім беру жағдайымен танысты. Сапар барысында Үкімет басшысы Президент тапсырмасының орындалу барысын тексерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Премьер-министр 1 шілдеде күшіне енген жаңа Конституцияда адами капиталды дамыту мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде айқындалғанын атап өтті. Оның айтуынша, тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет спорт, білім, медицина және инновация тоғысқан мұндай ұлттық мекеменің іске қосылуы елдің құндылық бағдарларын айқын көрсетеді.

Университетте «Жаттықтырушылық қызмет» пен «Спорт ғылымдары» бағдарламаларынан бөлек, спорттық медицина, спорт журналистикасы, менеджмент, киберспорт, сондай-ақ спорттағы жасанды интеллект пен аналитика бағыттары бойынша мамандар даярланады.

Қазіргі таңда ЖОО Eklore-ed School of Management, Corvinus University, University of Guglielmo Marconi, Swiss Institute және Hungarian University of Sports Science сияқты әлемдік жетекші оқу орындарымен бірлесіп, қос дипломды білім беру мен академиялық ұтқырлықты дамытуда. Сонымен қатар Xinhua Daily Media Group және Nanjing Polytechnic Institute қатысуымен спорт журналистикасы медиа орталығы құрылып жатыр.

Әлеуметтік және ғылыми жобалар

Университет аумағында қауіпсіздік пен талантты жастарды қолдауға бағытталған бірнеше жоба қолға алынған:

  • Құтқару инновациялары және алғашқы көмек орталығында 3,5 мыңнан астам педагог оқытылып, 100-ден астам халықаралық сарапшы-жаттықтырушы дайындалды.

  • Әйелдердің спорттағы мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған республикалық бастамалар және Life Chance Grant пен Merit Grant гранттық бағдарламалары жүзеге асырылуда.

  • Спорттық медицина және оңалту орталығында спортшыларды диагностикалау, емдеу және қалпына келтірудің заманауи технологиялары біріктірілген.

Жоғары оқу орнын аралау барысында Олжас Бектеновке спортшыларды медициналық сүйемелдеуге және жаттығу сапасын арттыруға арналған озық зертханалар таныстырылды. Олардың қатарында Smart Performance Assessment, Sport Science Control Center + My KNUS, AI Video Analytics, Smart Table Tennis AI Center, Sport Media Convergence және Smart Golf AI Lab бар.

Сонымен қатар университетте жасанды интеллект технологиясын қолдана отырып, орта және егде жастағы адамдарды бұқаралық спортқа тарту жобасы, сондай-ақ жасанды гипоксиялық жаттығулар негізінде қазақ күресі балуандарының даярлығын жетілдіруге арналған ғылыми зерттеулер жүргізіліп жатыр.

Үкімет басшысы бұл оқу орны білім мен ғылымды интеграциялайтын озық өңірлік орталыққа айналуы тиіс екенін айтып, профессорлық-оқытушылық құрамды студенттердің бойына еңбекқорлық пен озық ойлы ұлт құндылықтарын сіңіруге шақырды.