Халықтың шағымынан кейін үкімет Алматы мен Қаскелең арасына сегіз жолақты жол салып беретін болды
Алматы мен оған іргелес елді мекендердегі халық жолдың тар екенін айтып, президентке шағым жолдаған еді
Премьер-министр Олжас Бектенов президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңес өткізіп, 20 шілдеден бастап Алматы мен Қаскелең арасындағы тас жолды кеңейту туралы тапсырма берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлағандай, жобаның құны кешегі, яғни, 14 шілдедегі жағдай бойынша белгіленеді.
«Мемлекет басшысы Алматы қаласы мен оған іргелес елді мекендер тұрғындары тарапынан жиі айтылатын шағымға назар аударды. Халық Алматы мен Қаскелең арасындағы көлік қозғалысы қиын екенін айтатын. Президент жолды кеңейту жобасын дереу бастау туралы тапсырма берді. Мердігер осы аптаның соңына дейін қажетті техника мен жұмыс күшін жұмылдыруы қажет. Жолдағы құрылыс дүйсенбі, 20 шілде күні басталсын. Мемлекет басшысының тапсырмасы сапалы әрі барынша қысқа мерзімде орындалуы тиіс», - деген Бектенов бүгінгі жиында.
Сондай-ақ, Бектенов жоба құны бекіп қойғанын, сондықтан, ол өзгермейтінін айтты.
«Жобаны жүзеге асыру мақсатында сатып алатын жер учаскелеріне қатысты алыпсатарлыққа жол берілмеуі үшін олардың құнын кешегі, 14 шілдедегі жағдай бойынша белгілеу қажет», - деді премьер.