Қазақстандағы жолаушылар вагонының 36 пайызы тозған қалпында қалып отыр

Бүгін «Қазақстан темір жолы» компаниясының басшысы үкіметте есеп берді

Қазақстандағы жолаушылар вагонының 36 пайызы тозған қалпында қалып отыр
Фото: Жолаушылар тасымалы

Қазақстандағы жолаушылар вагонының тозу деңгейі әлі де азаймай отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 

Бүгін үкіметте баяндама жасаған «Қазақстан темір жолы» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов бұл көрсеткішті 46 пайыздан 36 пайызға түсірдім дейді.

«Соңғы үш жылда 433 локомотив сатып алудың нәтижесінде еліміздегі сүйреу құрам тапшылығы мәселесі толық шешімін тапты. Бұл магистральдық локомотивтердің орташа тозуын 66 пайыздан 58 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Жолаушылар секторында 5 жыл ішінде тозу 46 пайыздан 36 пайызға дейін қысқарды», - деді ол.

Оның айтуныша, ҚТЖ вагондарды кезең-кезеңімен жаңартпақ.

«2030 жылға дейін тағы 754 локомотив сатып алу жоспарланған, олардың қатарына жүк, жолаушы және маневрлік локомотивтер кіреді. Қызмет ету мерзімінің аяқталуына байланысты істен шығатын құрамды ескере отырып, шамамен 20 мың жаңа жүк вагонын сатып алдық. Сонымен қатар алдағы жылдары 746 жолаушылар вагонын жеткізу жоспарланып отыр. Қабылданып жатқан барлық шаралар теміржол тасымалдарының қауіпсіздігі мен сенімділігін түбегейлі арттыруға мүмкіндік береді», -  деді басқарма төрағасы.