«ДДСҰ ұсынысы»: Бас санитар неге тамызға дейінгі КВИ мен пневмония статистикасын қоспайтынын түсіндірді
ДДСҰ 1 тамыздан бастап статистиканы «коронавирус плюс» және «коронавирус минус» деп жүргізуді ұсынады
ҚР бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова 1 тамыздан бастап жаңаратын коронавирус статистикасына не себепті бұған дейін пневмониямен ауырған науқастардың қосылмайтынын түсіндірді. Оның айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пневмонияның 20-дан астам түрі болғандықтан, бұрынғы жағдайларды жалпы коронавирус есебіне алмауға кеңес берген.
«ДДСҰ ұсынысы бойынша, 1 тамыздан бастап жаңа есеп жүргізіледі. Яғни, статистикаға тест нәтижесі оң болған коронавирус жағдайлары мен 1 тамыздан бастап тест арқылы дәлелденбеген коронавирус жағдайлары қосылады. Себебі, 11 шілдеге дейін – ДДСҰ-ның бекіткен ережесін алған кезде коронавирус инфекциясы екі кодқа бөлінген еді. Ол – зертханалық дәлелденген және зертханалық дәлелденбеген жағдайлар. 1 тамыздан бастап осы кодтар ескеріледі», - деді А. Есмағамбетова бүгінгі брифингте.
Бас санитардың айтуынша, маусым айының соңынан бастап көбейіп кеткен пневмония жағдайы тек Қазақстанға емес, бүкіл әлемге тән. Сондықтан тестпен дәлелденбеген коронавирус жағдайына арнайы код беріліп отыр.
«Егер 1 тамызға дейінгі статистиканы алып қарасақ, оған тек коронавирус инфекциясының әсерінен туған пневмония емес, пневмонияның барлық түрі қосылған. Әрине, ДДСҰ мұның бәрін коронавирус статистикасына енгізіп жіберуді құптамайды. Аталмыш ұйым 1 тамыздан бастап статистиканы «коронавирус плюс» және «коронавирус минус» деп жүргізуді ұсынады», - деп түсіндірді бас санитарлық дәрігер.
Еске салайық, Қазақстанда жыл басынан бері 234 мыңнан астам пневмония жағдайы анықталғаны туралы айтылған. Кеше Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой оның бәрі бірдей коронавирус статистикасына қосылмайтынын, себебі ішінде коронавирус әсерінен болмаған пневмония жағдайлары да бар екенін мәлімдеген.
Бірақ 17 шілде күні министр екі статистика қосылатынын, бұл Қазақстанның халықаралық рейтингтегі жағдайы нашарлағанмен, дұрыс болжам жасауға мүмкіндік беретінін айтып еді.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан