Қазақстан халықаралық әскери ойындарға жарыстың бір түрінен ғана қатысады
Ел атынан сынға түсетін команда тек «Танк биатлоны» жарысына қатысады
ҚР Қорғаныс министрлігінің басшылығы 2020 жылғы халықаралық әскери ойындарға тек бір жарыс түрінен қатысу туралы шешім қабылдады.
Қазақстан атынан сынға түсетін команда тек «Танк биатлоны» жарысына қатысады. Бұл ретте қатаң санитарлық-эпидемиологиялық нормалар сақталып, екі апталық карантин шаралары, коронавирусқа ПТР-тестілеу екі рет өткізіледі.
«Бұл шешім қабылдаушы елдердегі эпидемиологиялық жағдайға және қазіргі Қазақстан Қарулы күштерінің атқаратын міндеттеріне, ел азаматтарына коронавирус инфекциясымен күресте көмек көрсетуіне, мерзімді әскери қызметке жоспарлы шақыруға, сондай-ақ халықаралық іс-шараны ұйымдастыру мен өткізуге қаражат үнемдеуге байланысты болып отыр», - делінген ведомство хабарламасында.
Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, әскери қызметшілер алдағы жарысқа қызу дайындалып жатыр.
«Іріктеу өңірлік қолбасшылықтар, әскер тектері мен түрлері деңгейінде әскери бөлімдерде өткізілді. Қазақстан халықаралық әскери ойындарға жыл сайын қатысып келеді. Біздің әскери мамандар кәсіби дайындығының жоғары деңгейін лайықты дәрежеде көрсетіп келеді. Оған жарыста алған көптеген жүлделері дәлел. 2019 жылы Қазақстан құрамасы Еуропа, Азия, Орталық және Латын Америкасы, Африка сынды 39 елдің арасында өткен жарыста үш алтын, екі күміс және тоғыз қола медаль жеңіп алып, бірінші орынды қанжығысына байлады. Айта кету керек, еліміздің командасы өткен «Танк биатлонына» қабылдаушы тараптың жауынгерлік техникасына қатысып, бірінші үштіктің басқа командалары сияқты жарыс өтетін аумаққа өздерінің ұлттық әскерлерінің танкілерін жеткізді», - деп хабарлайды.