«Ширақ қимылдау керек»: президент Курчатов қаласына қатысты тапсырманы тағы да еске салды

Тоқаев үкімет өте тез қимылдау керек дейді

«Ширақ қимылдау керек»: президент Курчатов қаласына қатысты тапсырманы тағы да еске салды
Фото: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Бүгін Ақордада ғалымдармен кездесіп, Ғылым күні қарсаңында оларды марапаттаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев инженерлік-техникалық кадрларды даярлау, ғылым қалашықтарын дамыту мәселелеріне назар аударды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Білікті инженерлік-техникалық кадрларды даярлауға баса назар аударған жөн. Бұл ретте негізгі жауапкершілік жоғары оқу орындарына жүктеледі. Ұлттың зияткерлік қуаты дәл осы білім ордаларында қалыптасады. Университеттер өз миссиясын адал атқарса, білікті мамандар мен кәсіби кадрлардың қатары арта түсері сөзсіз», - деді президент.

Бұдан бөлек, президент ғылым қалашықтарына және қарқынды дамитын қалаларға жаңа технология енгізуді жолға қою керегін айтты. Осы ретте Тоқаев Курчатов қаласын сөз етті.

«Қазір Курчатов қаласына ғылым қалашығы мәртебесін беру үшін нақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Инвесторларды осындай даму орталықтарына қаржы салуға ынталандыру қажет. Бұл да – Үкіметтің өзекті міндеттерінің бірі. Тоқетерін айтсақ, алда атқаратын шаруа көп. Ширақ қимылдап, тиянақты жұмыс істеуіміз керек. Ғылым саласындағы күрделі мәселелерді мемлекет пен ғылыми қауымдастық күш жұмылдырып, бірлесе шешеді деп ойлаймын», - деді Тоқаев.