Депутат Жезқазған қаласының айналма жолдарына қатысты өзекті мәселе қозғады

Ерболат Сатыбалды республикалық трасса ашылғаннан кейін бұл қиындық туғызады дейді

Депутат Жезқазған қаласының айналма жолдарына қатысты өзекті мәселе қозғады
Фото: freepik.com

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерболат Сатыбалды «Қызылорда – Жезқазған», «Арқалық – Жезқазған» және «Қарағанды – Жезқазған» бағыттарындағы республикалық автожолдар ашылғанда, Жезқазған қаласының айналма жолдарына салмақ түсетінін айтып, мәселе қозғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ол Көлік министрінің атына депутаттық сауал жолдай отырып, Жезқазғанды айналып өтетін жолдарды дайындамаса, ол ірі трассадағы көлік ағынына төтеп бере алмайды деді.

«Мен айтқан жолдар салынып біткенде осы бағыттар бойынша көлік ағынының айтарлықтай өсуі күтіледі. Бұл өз кезегінде Жезқазған қаласының көлік торабы ретіндегі рөлін күшейтеді. Осыған байланысты, негізгі жүктеме түсетін Жезқазған қаласы мен оған іргелес жол учаскелерінің дайындығы ерекше маңызға ие. Алайда қазіргі жағдай бірқатар мәселелердің бар екенін көрсетеді”, - деді депутат.

Оның айтуынша, Жезқазған қаласы маңында айналма жолдардың толық іске аспауы салдарынан транзиттік көлік қала ішіне бағытталып жатыр. Бұрын басталған көпірлер мен жолайрықтардың бір бөлігі аяқталмай қалған.

«Жалпы алғанда, көлік ағынының алдағы өсімін ескерсек, Жезқазған қаласындағы жол тораптарының техникалық жай-күйі мен өткізу қабілеті қазіргі талаптарға толық сәйкес келмейді. Осығын орай уәкілетті орғанға бірнеше ұсыныстарым бар: біріншіден, «Қызылорда – Жезқазған», «Арқалық – Жезқазған» және «Қарағанды – Жезқазған» бағыттары толық іске қосылғаннан кейін күтілетін көлік ағынын ескере отырып, Жезқазған қаласының жол тораптарын кешенді дамыту бойынша шаралар қабылдау; екіншіден, Жезқазған қаласы маңындағы айналма жолдарды аяқтау және аяқталмай қалған көпірлер мен жолайрықтарды іске қосу мерзімін анықтау; үшіншіден, Жезқазған – Сәтбаев жолының ені тар. Оны кеңейту және қауіпсіздігін арттыру», - деді Сатыбалды.