Бастауышта оқитын оқушылар үшін кезекші сыныптар жұмыс істейді

Білім министрінің айтуынша, бұл – ата-аналардың ұсынысы

Бастауышта оқитын оқушылар үшін кезекші сыныптар жұмыс істейді
Көрнекі фото: ашық дереккөзден

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жаңа оқу жылында орта мектеп үшін бірінші тоқсан сабақтарын толықтай қашықтан оқуға ауыстыруды ұсынды. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те осындай ұсыныс білдіріп, жаңа оқу жылына дайындық қалай жүріп жатқанын айтты.

«Мәлімет бойынша жыл сайын білім алушылардың 70 пайызы тұмау жұқтырады. Сондай-ақ білім саласы қызметкерлерінің коронавирусты және басқа вирусты жұқтырып алу қаупі жоғары. Сондықтан, біз үшін педагогтар мен балалардың денсаулығы бірінші орында тұрған соң, бірқатар ұсыныс дайындадық», - деді Асхат Аймағамбетов Үкімет отырысында.

Ол Алексей Цой сияқты, шалғайда орналасқан ауылдардағы аз қамтылған мектептерді қоспағанда, 1 қыркүйектен бастап, 1-11 сынып оқушылары үшін сабақ қашықтан болсын деген ұсынысын айтты. 

«Осы ретте, бастауыш сыныпқа баратын оқушылардың ата-аналарының өтініштерін ескере отырып, бастауыш сыныптары үшін кезекші сыныптар іске қосу ұсынылады. Олар бір сыныпта отырады, әртүрлі уақытта үзіліске шығады, сыныпта тазалық сақталады. Бір сыныпта 15 баладан артық отырмайды», - деді Асхат Аймағамбетов.

Ал Білім министрі мен Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, коронавирус жұқтыру қаупі төмен деп танылған шалғайдағы ауылдарда 127 мыңнан астам бала оқиды екен. Олар жаңа оқу жылында мектепке барып білім алады.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.