Пандемия: пойыз жолаушыларын тасымалдау 42%-ға азайды
Бұл жағдай жүк тасымалына әсер етпеген
2020 жылдың алғашқы 5 айында Қазақстанда теміржол көлігі арқылы 5,1 млн жолаушы тасымалданған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 41,8%-ға аз. Ресми деректерге сенсек, 2020 жылдың мамыр айында барлығы 39,8 мың жолаушы тасымалданған екен. Бұл көрсеткіш пандемияға байланысты төтенше жағдай жарияланған сәуір айындағы жағдайдан 5 есе аз, ал 2019 жылдың мамыр айымен салыстырғанда 43 есе кем. Бұл туралы ranking.kz хабарлайды.
2020 жылдың 13 мамырынан бастап Қазақстандағы жолаушылар пойыздарын кезең-кезеңімен іске қосу туралы шешім қабылданды. Осылайша, ел ішінде 93 пойыз қайта жолға шықты.
2 шілдеде елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты Экономиканы қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімімен, жолаушыларды тасымалдайтын кейбір пойыздарға шектеу қойылды.
Атап айтатын болсақ, № 19/20 «Нұр-Сұлтан — Атырау», № 95/96 «Нұр-Сұлтан — Орал», № 701/702 «Нұр-Сұлтан — Алматы» бағыттарындағы коммерциялық пойыздардың жүруіне уақытша шектеу қойылды. 5 шілдеден бастап әлеуметтік маңызы бар № 321/322 «Алматы — Сарыағаш» бағытындағы және басқа да жолаушылар пойызының жиілігіне шектеу енгізілді.
Пойызбен жолаушыларды тасымалдау көрсеткіші күрт төмендегенімен, пандемия теміржол көлігі арқылы жүк тасымалына айтарлықтай әсер еткен жоқ. Пойызбен жүк тасымалдау көрсеткіші жыл басынан бері 164,1 млн тоннаға жетіп, 3% өсім көрсеткен. Мамыр айында 33,5 млн тонна жүк тасымалданған, бұл сәуір айымен салыстырғанда 0,4%-ға кем.
Еске сала кетейік, бұған дейін жолаушылар пойызының уақытша тоқтауынан «Қазақстан теміржолы» АҚ-ның 3,8 млрд теңге шығынға батқаны айтылған еді.