Тоқаев: Үкіметті отставкаға жібер деп кеңес бергендер болды
Тоқаев министрлер мен әкімдердің демалысқа шықпайтынын ескертті
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент «публикаға ойнап», ұпай жинауды жөн көрмейтінін айтты.
«Ашығын айтайын, осы жиынға дайындық барысында маған кейбір аймақтағы және ведомстволардағы бірінші басшыларды жұмыстан босатуды, тіпті бүкіл Үкіметті отставкаға жіберу туралы кеңес бергендер болды. «Қоғам бұл әрекетіңізді дұрыс қабылдайды, ұпай жинап аласыз» деген ой айтылды. Бірақ маған ондай ұпайдың керегі жоқ. Мен жауапты адамдарды тыңдауға дайынмын. Бірақ халықтың алдында ойын ұйымдастыруды жөн деп есептемеймін. Ондай жастан өтіп кеткенмін», - деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы осындай қиын сәтте облыс басшылары мен Үкімет мүшелері үшін еңбек демалысы болмайтынын ескертті.