Асқар Мамин COVID-19 індетінен көз жұмған қазақстандықтардың жақындарына көңіл айтты
Бүгін – Қазақстанда коронавирус пандемиясының құрбаны болған азаматтарды еске алуға байланысты Жалпыұлттық аза тұту күні

Үкімет басшысы Асқар Мамин коронавирус инфекциясынан қайтыс болған қазақстандықтардың отбасыларына көңіл айтты. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.
«Осынау күрделі кезеңде Қазақстан коронавирус індетімен күресуде. Өкінішке қарай, қауіпті індеттің салдарынан біздің отандастарымыз да көз жұмуда. Қайтыс болғандардың туған-туыстары мен жақындарына аса қайғыра отырып көңіл айтамын. Мемлекет басшысының шешімі бойынша 13 шілде – COVID-19 індетінен қайтыс болған қазақстандықтарды еске алу үшін Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Қабылданып жатқан шаралар халқымыздың табандылығы мен ерік-жігерін және өз күшіне деген сенімін тағы бір көрсете отырып, бізге індеттің таралуын тоқтатуға мүмкіндік беретініне сенімдімін», - деді ол.
Еске сала кетейік, бүгін Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен сағат 12:00-де республика бойынша коронавирус пандемиясының құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алу жарияланды.