Астана әуежайында екінші ұшу-қону жолағы салынады
Осылайша әуежайдың өткізу қабілеті 40 млн жолаушыға дейін жетеді деп күтіліп отыр
Биыл Астана халықаралық әуежайында екінші ұшу-қону жолағының құрылысы басталады. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Биыл Астана қаласының әуежайында екінші ұшу-қону жолағының құрылысын бастаймыз. Оны іске қосу 20 жыл бойы жөндеу көрмеген бірінші жолақты жаңғырту жұмысына кірісуге мүмкіндік береді. Бұл Астана әуежайының өткізу қабілетін 4 есе арттырып, 40 млн жолаушыға дейін жеткізеді», - деді премьер-министр Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Оның айтуынша, шілде айында Алматы әуежайының ішкі терминалын күрделі жөндеу жұмысы аяқталады. Өткізу қабілеті 14 млн жолаушыдан 19 миллионға дейін артады. Ұшу-қону жолағын жаңғырту бойынша құрылыс-монтаж жұмысы басталады.
Сондай-ақ, Бектенов авиаотынның нарықтағы бағасын қалыптастыру үшін жағдайлар жасалғанын атап өтті. Нәтижесінде авиациялық отынның бағасы 1,2 мың доллардан шамамен 950 долларға дейін төмендеді. Бұл шетелдік авиакомпаниялар үшін Қазақстанның әуе кеңістігінің тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді, деп санайды Үкімет басшысы.