$ 498.65  589.06  6.49
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«AMANAT» депутаттары өңірлік стандарттарды қайта қарауды ұсынды

Қашар Рудныйдан, Ақтау Теміртаудан алыс, дейді ол

«AMANAT» депутаттары өңірлік стандарттарды қайта қарауды ұсынды
Фото: parlam.kz

Депутат, «AMANAT» фракциясының мүшесі Еркін Әбіл премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің атына депутаттық сауад жолдай отырып, үкіметке өңірлік стандарттар жүйесін жетілдіруге қатысты мәселе қозғады, деп жазады Azattyq Rýhy.

Депутаттардың айтуынша, өңірлік стандарттар жүйесі өңірлер арасындағы әлеуметтік-экономикалық теңсіздікті азайтуда белгілі бір нәтижелерге қол жеткізгенімен, жекелеген өңірлердің климаттық және географиялық ерекшеліктері жеткілікті деңгейде ескерілмей отыр.

Әсіресе, солтүстік және шығыс өңірлерде шағын әрі бір-бірінен алшақ орналасқан елді мекендер басым. Бұл аймақтарда халқы 500 адамнан асатын ауылдардың өзі ірі және перспективалы саналады. Алайда қолданыстағы нормативтер тек халық санына сүйеніп, мектептер мен балабақшалар желісінің қысқаруына әкеліп, тұрғындардың көші-қон үрдісін күшейтіп отыр.

Сонымен қатар депутаттар әкімшілік тұрғыдан қалалар құрамына кіретін, бірақ аумақтық жағынан шалғай орналасқан кенттердің мәселесіне де назар аударды. Қашар, Ақтау, Бестөбе секілді елді мекендер өңір бюджетіне елеулі үлес қосқанына қарамастан, «ауылдық» жеңілдіктерден қағылып, білім беру мен медицина саласында кадр тапшылығын сезінуде.

Осыған байланысты фракция Үкіметке өңірлік стандарттар жүйесін және ведомстволық нормативтерді қайта қарап, өңірлердің климаттық және географиялық ерекшеліктерін ескеруді, сондай-ақ шалғай орналасқан кенттердің мәртебесін ауылдық округтерге теңестіруді ұсынды.

Депутаттардың пікірінше, бұл шаралар өңірлер арасындағы теңгерімді дамуды қамтамасыз етіп, ішкі көші-қонның теріс үрдістерін азайтуға мүмкіндік береді.