Қазақстанның пойыздары мен ұшақтарында интернет пайда болады
Автожолдарда да мобильді байланыс болады
Қазақстанның республикалық және облыстық тас жолдарында, пойыздар мен ұшақтарда интернет пайда болады. Бұл туралы вице-премьер – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, шалғай елді мекендер спутниктік байланыс жобалары арқылы интернетпен қамтылып жатыр.
«Қазір Қазақстанда спутниктік интернет қызметін көрсететін үш оператор жұмыс істейді. Жақын арада тағы екі шетелдік компания нарыққа шығады. Оларды биыл сынақтан өткізу жоспарланған. Сондай-ақ биыл «Қазақстан темір жолы» пойыздарында және Air Astana әуе компаниясының ұшақтарында спутниктік интернет іске қосылады», - деді Мәдиев Үкімет отырысында.
Байланыс жоқ жерлерде әкімдіктер туристік және жетуі қиын аумақтарды жергілікті бюджет есебінен спутниктік интернетпен қамтамасыз етуі керек, деп атап өтті министр.
Сонымен қатар, Мәдиевтің айтуынша, республикалық және облыстық маңызы бар 40 мың шақырым жол мобильді байланыспен қамтылады. Жобаны алдағы екі жылда аяқтау жоспарланып отыр.
Вице-премьер әкімдерден жер учаскелерін тез арада бөлуді және электр энергиясына қосылуға техникалық жағдай жасауды сұрады.