ШұғылҚазақстанда бір тәулікте 2549 адамнан коронавирус анықталды

Дубайда пәтер жалдау құны, жылжымайтын мүлік бағасы қанша – қала тұрғынымен сұхбат

БАӘ-де карантин кезінде қауіпсіздік шаралары күшейтілді  

Біріккен Араб Әмірліктерінің ірі қаласы, туристер мен экспаттардың «кіші отаны» Дубай карантин кезінде қандай шараларды қолға алды. Бұл туралы алып шаһарда тұрып жатқан отандасымыз Гүлнұр Исабек Azattyq Rýhy тілшісіне айтып берді.

Келіншек Шымкент қаласының тумасы. Бес жылдан бері Дубайда тұрады. «Property Network» компаниясында инвестиция бойынша кеңесші болып жұмыс істейді. Яғни, құрылыс компаниясына үй сатуға көмектеседі.

Қазіргі уақытта Гүлнұр үйде отырып, қашықтан жұмыс істеуге көшкен. Бұған дейін қажеттілік туындағанда кеңсеге барып келетін. Алайда, соңғы күндері Дубайда карантин шаралары күшейтілді. Сыртқа шығуға мүлде тыйым салынды.

«Корнавирусқа байланысты шектеулер күшейтілді. Бұрын күндіз шығуға болатын еді. Қазір күндіз де түн де мүлдем шығуға болмайды. Тек 3 күнде бір рет тамаққа шығуға  рұқсат бар. Таксиде бір адам отыра алады. Бұл жақта вирус жұқтырғандар саны күннен күнге артып келеді. 7265 адам қауіпті індетті жұқтырып, 1360 адам емделіп шықса, 43 адам көз жұмды», - дейді ол.

Біріккен Араб Әмірліктерінде карантин режимін бұзғандарға жаза қатаң.  Мәселен, көшеге маскасыз шыққандар 1000 дирхам немесе 120 мың теңге (1 дирхам -120 теңге – авт.) айыппұл төлеуге міндеттеледі.

«Өте қатаң карантиндеміз. Үйден шығатын болсақ, белгілі бір құзырлы органдарға хат жазу арқылы рұқсат алып далаға шығамыз. Кешкі 8-ден таңғы 6 аралығында көшелерді дезинфекциялайды. Маска тақпай жүрген адамдарға алдымен ескерту жасалады. Екінші рет қайланса, 500 дирхам мен 50 мың дирхам көлемінде айыппұл салынады. Яғни 6 миллион теңге көлемінде», - дейді Гүлнұр.

Парсы шығанағының жағалауындағы жауһар қалада төрт жылдан бері тұратын жерлесіміз сұхбат барысында жергілікті ерекшеліктерге де тоқталды.

«Жолдасымның жұмысы ауысуына байланысты  осы елге көшіп келдік. Ол кезде үлкен қызым 3 айлық еді. Өзім бала күтімімен 2 жыл үйде отырдым. Екі жыл өткен соң, екінші рет магистратураға түсейін деп шештім. Сөйтіп, биыл халықаралық қаржы мен есеп және аудит магистрі атандым. Мен жұмыс істейтін компания келісім-шарт негізінде жалақы төлейді. Бір айда қанша келісім жасаймын соның пайызымен есеп айырысады. Бұл жерде әр адамның табысы әр түрлі. Мүлде келісім жасалмаса, ай соңында ақша төленбейді», - дейді отандасымыз.

Дубайда жұмыс іздеген адам ағылшын тілін жетік білуі керек. Елде негізінен қызмет көрсету саласында жұмыс істейтіндерге сұраныс бар.

«Дубайға жұмыс іздеп келетін жастар даяшы немесе дүкендерде кеңесші- сатушы болып жұмысқа орналасады. Олар ағылшын тілін білуі тиіс. Негізінен мұндай жұмысшылардың жалақысы 300 000 теңгенің шамасында», - дейді ол.

Дубай қымбат қала екені жасырын емес. Пәтер жалдау үшін бір жылға келісім-шарт жасалады. Оның құны шамамен 6 миллион теңгеге шығады. Демек, ай сайын тек пәтер ақы үшін жарты млн теңге жұмсайсыз.

«Дубай өте қымбат қала. Бұл жақта жақсы өмір сүру үшін жақсы табыс табу керек. Әрине, жақсы өмір сүру түсінігі әркімде әр қалай. Дегенмен, ештеңеге мұқтаж болмай тамағы тоқ жүруі үшін бір адам кемінде 30 мың дирхам 3 миллион теңгеден аса жалақы алуы керек», - дейді Гүлнұр Исабек.

Дубайда жылжымайтын мүлік алуды екінің бірінің қалтасы көтермейді.  Сұхбат берушінің сөзінше, әмірліктерден апартамент алатын қазақтар жеткілікті.

«Дубайдан пәтер сатып алғысы келетін қазақстандықтар көп.  Менің бұл салада жұмыс істеп жатқаныма ұзақ болған жоқ. Сондықтан, нақты статистика келтіре алмаймын. Дегенмен,  менің бастығым мен әріптестерім қазақтар Дубайдан қымбат пәтерлерді жақсы алатынын айтады.  Дубайдан пәтер алу екінің бірінің қолынан келмейді. Қала қарқынды дамып келе жатыр. Таяу Шығыстағы бизнес орталықтардың бірі. Оның үстіне территориясы кішкентай. Әр шаршы метр алтынмен тең. Мәселен “EMAAR PROPERTIES” құрылыс компаниясының элиталы 3 бөлмелі баспанасының құны шамамен 600 мың доллар тұрады», - дейді ол.

Бұл елде білім алу да қымбат тұрады деді Гүлнұр. Салыстырып қарасақ, бағасы қазақстандағы элиталық мектермен шамалас екен. Шаһар билігі қазіргі уақытта күллі оқу орындарын күзге дейін жабу туралы шешім қабылдаған.

«Дубайда білім беру саласы басты назарда. Сондықтан болар бұл жақта баланы оқыту қымбат. Мәселен, бір баланы оқыту жылына 10 мың дирхамнан 100 мың дирхам арасында. Яғни 1 миллион 200 мың теңге мен 12 миллион теңге шамасында», - дейді Дубайда тұрып жатқан отандасымыз.

Дубайда тұратын адамдардың 90 пайызға жуығы жұмыс іздеп келгендер.

«Біріккен Араб әмірліктері өз жеріне көшіп келген шетелдіктерге азаматтық бермейді. Бірақ, әдетте Дубайда қалып қоятын қазақтар арабтарға тұрмысқа шыққан қыздар», - деді Гүлнұр Исабек.

Туристерге визасыз режим бар. Саяхатшылар Біріккен Араб әмірліктерінде бір айға дейін тұруға аласыз. Бір айдан соң, ақша төлеп тағы 3 айға қалуға болады. Одан ұзаса, жұмыс визасын рәсімдеу керек.

«Біз жұмыс визасын алдық. Ол 3 жылға беріледі. Әр 3 жыл сайын ұзартуға мүмкіндік бар. Оны алу үшін міндетті түрде медициналық тексеруден өткізеді. Күйеуі жұмыс істейтін әйелдерге де 3 жылға виза береді. Менікі сондай виза. Дегенмен, болашақта БАӘ билігі кей салада жұмыс істейтіндерге 10 жылға дейін визаның мерзімін ұзартуды жоспарлап отыр. Менің жолдасым мұнай және газ саласында инженер болып жұмыс істейді. Сондықтан бұл саланың қызметкерлеріне визаны ұзартады деген жаңалық бар. Бірақ ол заң әлі күшіне енген жоқ», - дейді Гүлнұр Исабек.

Әсел Тұмашқызы, Нұр-Сұлтан