ШұғылҚазақстанда бір тәулікте 2549 адамнан коронавирус анықталды

Қазақстанда кино нарығы бос - Голливудта киностудия ашқан қазақ жігіті

Ол кино индустриясына қалай келді? Жаңа туындысына Голливудтың қай жұлдыздары түсті? Қазақстан жайлы қандай кино түсіргісі келеді? Осы және басқа да сұрақтарға бүгінгі қонағымыз, Голливудтағы қазақ режиссері Абылай Жақашов жауап береді

Биыл көктемде жас режиссер Абылай Жақашовтың Ирактағы соғыста із-түссіз жоғалған америкалық сарбаздар туралы түсірген қысқаметражды фильмі Лос-Анджелес кинофестивалінде «Үздік режиссер» атағын жеңіп алды. 8 жыл бұрын АҚШ-қа арман қуып барған жігіт бүгінде әлемге белгілі киногерлермен жұмыс істейді. Голливуд төрінен өз киностудиясын да ашып үлгерді. Біз Абылай туралы кездейсок біліп қалдық. Юрий Дудьтің бағдарламасына сұқбат берген ресейлік белгілі шоумен Таир Мамедов Голливудта қазақ серіктесімен бірлесіп  бірегей арт-орталық ретінде «Селфи» музей ашқандарын айтқан еді...
АҚШ-тағы жас қазақ режиссері туралы кеңірек білгіңіз келсе, бүгінгі сұхбатымызға назар аударыңыз.

- Абылай, білуімізше сіз АҚШ-та алғашында түрлі жұмыстар істеп, өз-өзіңізді табуға тырыстыңыз. Сол кездер туралы айтып беріңізші?

- Мен Лос-Анджелеске 2011 жылы келдім. Алғашқы үш жыл өте қиын болды. Көп уақытты өзімді дамытуға, оқуға жұмсадым. Университетте жүргенде мамандығымды 3-4 рет ауыстырдым. Жалпы өзімді алты жыл бойы іздеп жүрдім десем болады. Логистикамен айналыстым, әр түрлі жобаларға инвестиция салып көрдім, тауарлар саттым. Кино саласына келгенге дейінгі менің соңғы хоббиым – мотоцикл құрастыру мен тюнинг болды. Өз гаражымда күні-түні мотоциклдерді шашып, жинап, сәндейтінмін. Осылайша жаныма жақын мотоспортты уақытша ермек еттім. Бірақ сол мотоциклмен жол апатына түскеннен кейін өзімді тауып, киноға келдім.

- Мотоцикл апатынан алған жарақатыңыз ауыр болды ма?

- Аяғым екі жерден сынды. Бірақ ауруханада екі апта ғана жаттым. Өйткені, АҚШ-тың ауруханаларында ұзақ жатуға қалта көтере бермейді. Медицина қымбат. Сол екі аптаның өзінде ем-домға 1 млн доллар кетті. Ақшаны сақтандыру компаниясы төлеп, жаным қалды. Одан кейін үйде емделдім. Кино туралы сол уақытта көп оқыдым.

- Содан кейін Голливудта «Broken Cage Studio» кинокомпаниясын құрдыңыз. Студия жұмысы қалай жүріп жатыр?

- Идея менікі, бірақ киностудияны жалғыз өзім құрғаным жоқ. Барлық бизнестегідей бұл индустрияда да серіктестердің рөлі зор, оларды тауып, сендіре білу оңай емес. Оның үстіне АҚШ азаматы емеспін, «сырттан» келгенмін. Сондықтан америкалық кәсіпкерлермен бірге жұмыс істеу мен үшін үлкен қадам болды. Қазір компанияда басқарушы серіктеспін. Уақыттың көбі әзірге әлемдік нарыққа шығатын фильмдер түсіруге дайындыққа, келіссөздер жүргізуге кетіп жатыр. Кино – өте қымбат индустрия. Алғашында бәріміз «Сценарий жазамыз да, түсіре береміз» деп ойлайтынбыз. Кейін бюрократиясы көп күрделі сала екенін түсіндік. Сосын АҚШ-тағы тағы бір проблема – танымал режиссер болмасаң, киноны өткізу қиын. Сондықтан мен қазір продюсер ретінде атымды қалыптастырып алғым келеді. Тек содан соң режиссерлікке толық өтсем деймін, себебі танымал режиссер үшін фильм түсіру де жеңіл. Голливудта режиссер көп. Ал сауатты продюсерлер аз.

Фото: «Broken Cage Studio», Лос-Анджелес, Калифорния  

- Айтпақшы, киностудияңыздың кіреберісіне сынған мотоциклыңызды ескерткіш етіп қойыпсыз. Рас па?

- Иә. «Broken Cage» сөзі, яғни компания атауы физикалық және шығармашылық бостандықты меңзейді. Біз идеяның жаманы болмайтынына және олардың орындалуы үшін тек уақыт керегіне сенеміз. Мотоциклдің киностудия символына айналуы менің жоғарыда айтқандай, басымнан өткен жағдайға байланысты болды. Себебі сол апатта мен бір өлімнен қалдым. Төсек тартып жатқанда кино саласын зерттеп, бала күнгі арманымды орындауға бел будым. Сондықтан сынған мотоциклім – табандылық пен өзгерістің символы деп білем.

Фото: Киностудия символына айналған мотоцикл

- Голливуд жұлдыздарымен әріптестік орнаттыңыз ба? Алдында Netflix-ке кино түсірейін деп жатыр деп естідік...

- Алғашқы фильмімізге Николас Кейдждің жиені Бэйли Коппола түсті. Ол қатысқан «Alone» туындысын қазір прокатқа дайындап жатырмыз. Одан кейін белгілі кинооператор Федон Папамайклмен («В погоне за счастьем», «Эмма Блу», «27 украденных поцелуев», т.б.) жұмыс істеудің сәті түсті. Ал жақында бір жобамызға канадалық актриса және модель Шэй Митчелл қатысты («Несносные леди», «Милые обманщицы», «Кадавр», т.б.). Ол актриса көбіне телесериалдарға түседі. Netflix-ке келер болсақ, қазір түрлі стримингтік платформалармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Бәріне белгілі, қазір стриминг нарығы қарқынды дамып жатыр, біз сол процестің қақ ортасындамыз деп айтсақ болады (стримингтік платформа – онлайн кинотеатр).

 Фото. Оң жақтан: Бэйли Коппола, режиссер және Абылай Жақашев

- Лос-Анджелесте сізден басқа кино саласында жүрген қазақ жігіттері бар ма? Олардың жағдайы қалай?

- Біз алғашқы фильмімізді түсіргенде Нью-Йорк кино академиясының (New York Film Academy) түлектері көп болды. Бірақ қазақ жігіттерін көрмедім. Ал мен танитын, бірге жұмыс істеген кино саласындағы жігіттердің көбі Қазақстанға қайтып кетті. Қазір Голливудта киномен айналысып жүрген 3-4 жігітті ғана білемін. Себебі Қазақстанда кинематография жылдам дамып жатыр. Фильм түсіру, киноиндустрияның қайнаған қазанына түсу елде оңайырақ. АҚШ-та жүздеген жылдар бұрын нарық әбден қалыптасқан, бұл ортада орын табу қиын. Бәріне танымал Стивен Спилберг, Кристофер Нолан секілді режиссерлер бар, үлкен киноны солар түсіреді. Саған олармен бәсекелесуге тура келеді.  

- Өткен жылы сәуір айында сіздер Лос-Анджелесте, оның ішінде Голливудта «Селфи» музейін аштыңыздар. Ол кімнің идеясы?

- Маған музей ашу идеясын белгілі актер, Ресейдегі «Comedy Club» жобасының бұрынғы резиденті Таир Мамедов ұсынды. «Museum of Selfies» орталығын ашу жұмысымен екеуміз бастап айналыстық, бірақ жүзеге асыру қиындап кетті. Нарықты зерттеп, қосымша инвесторлар тартып, музейдің лентасын қидық. Музей концепциясына келер болсақ, бәріміз селфиге түсеміз, ол бір өз алдына субмәдениетке айналып кетті. Адамдарға әрқашан өзі ұнататын және жиі істейтін дүниелерін ұсыну керек. Міне, біздің музейдегі түрлі экспозициялармен қызықты селфи суреттер жасауға болады.

Фото: «Museum of Selfies»

- Музейдің болашағын қалай көресіз? Жобаны жетілдіріп, дамыту ойда бар ма?

- Қазір музей Голливудтың ортасында орналасқан, қарапайым туристерден бөлек танымал блогерлер көп келеді. Дегенмен бизнестің концепциясы басында «pop-up museum» жасау болатын, ол сөзбе-сөз аударғанда «уақытша музей» деген сөз. Яғни, көрме сияқты белгілі бір уақыт аралығында адамдарға есігін ашып, кейін жұмысын тоқтатады. Селфи сәннен кеткенде, жобаны дамытудың да мәні жоғалады. Қазір музеймен көбіне Таир және басқа да әріптестеріміз айналысып жатыр. Мен үшін «Museum of Selfies»  қызықты тәжірибе болды, алайда дәл қазір одан да маңызды жұмыстар бар. Ол, әрине кино.

Фото: «Museum of Selfies»

- Ал Таир Мамедовтың өзін қашанннан бері білесіз? 

- Таирмен екі жыл бұрын ортақ бір продюсер досымыз таныстырды. Жұмыста тез тіл табысып кеттік. Әрине, келіспеушіліктер де болды. Қазір бір шаруада жақсы әріптеспіз, бірақ өмірде қызығушылықтарымыз бөлектеу.

Фото: ортада Таир Мамедов 

- Кино, музейден басқа инвестор ретінде қандай бизнес-жобалар қызықтырады?

- Криптовалюта. Иә, қазір осы бір термин барлық жерде айтылады, тіпті кейбіреулерді жалықтырып жібергені рас. Дегенмен цифрлық валюта нарығын зерттеп, тәжірибе жасау артық етпейді. Технологиялар ғасырында өмір сүрген соң, болашақта дәстүрлі ақшаның қолданыстан шығып қалуы да ғажап емес. Инвесторлардың көбі криптавалюта болашақтың ақшасы деп болжайды. Сондықтан осындағы бір қазақ жігітпен сол нарыққа көңіл бөліп, айналыса бастадық.

Абылай, отбасыңыз туралы айтыңызшы, олар қайда?

- Мен Алматыда туып өстім. Жасым 26-да. Қаладағы №165 техникалық лицейде оқыдым. Ата-анам энергетика саласының мамандары. Басында олар менің де сол ізбен жүргенімді қалаған еді. Кейін арман-мақсатым бөлек екенін түсініп, бастамаларыма қолдау білдірді. Қазір Америкада жанымда кіші інім бар, кино саласында маған көмектесіп жүр.

- Қазақстанға қайту ойыңызда бар ма?

- Елге міндетті түрде оралам. Тіпті мүмкіндік болса, келер жылы келсем бе деймін. Негізі жол апатына ұшырағанға дейін жиі барып-келіп жүретінмін. Кейін компаниямыз ашылған соң, тіптен уақыт табылмай кетті. Арман жолында әрқашан да бір нәрсені құрбандыққа шаласың. Мысалы, мен де ата-анамды, туған үйді жиі көру мүмкіндігі жоқ. Дегенмен, қазір алдыма қойып отырған мақсатым – Қазақстан кинематографын дамытуға атсалысу. Америкалық инвесторларды тартып, қазақ халқы жайлы, Қазақстан жайлы әлемдік нарыққа шығатын фильм түсіргім келеді. Мұндағы әріптестеріме әрдайым Қазақстан дәстүрге, мәдениетке, табиғи ресурсқа да бай ел екенін айтып жүрем. Олар да қызығушылық танытып отыр. Мен Америкаға алғаш келгенде бәрі «Боратты» айтып көп әжуалады. Кейінірек әйтеуір Геннадий Головкин жайлы айта бастады. Дегенмен, Геннадий спорттағы жетістігіміз, ал Қазақстанның кино саласын әлі «Боратпен» байланыстырады. Сол себептен Қазақстанды әлемге «Борат» танытқандай емес, тіптен бөлек өркениетті ел екенін көрсетуді міндет етіп қойып отырмын.

- Қазақстанда «жақсы» кино түсіруге қаншалықты мүмкіндік бар?

- Киноиндустрия көп нәрсені ақша шешеді ғой. Америкада инвестор үшін күресте бәсекелестік сұмдық жоғары. Ал Қазақстанда егер жақсы киномаман болсаң, болашақ жарқын. Себебі фильм түсіру әлдеқайда арзан. Қазір Ақан Сатаев ауқымды тарихи фильмдер түсіріп жүр. Өкінішке қарай, олар әлемдік нарыққа шығып жатқан жоқ. Тимур Бекмамбетов, керісінше, тек сыртқы нарыққа жұмыс істейді. Қазақстандық режиссерлер туралы айтқанда, Ермек Тұрсыновты да ерекше атап өту керек шығар. Жақында Америкада  оның «Шырақшы» атты жаңа картинасының көрсетілімі болды. Тамаша туынды дер едім. Америкалықтарға, шетелдіктерге қатты ұнады. Бірақ, премьерадан бірде-бір қазақты көрмедім. Айтпақшы, менің білуімше, Қазақстанда алдымен киноны түсіреді, сосын оның дистрибуциясымен айналысады. Яғни, тауарды жасайды, одан кейін ғана тұтынушы іздейді. АҚШ-та керісінше, идеяңды сатасың, тұтынушы дайын болғанда ғана түсірілім процесін бастайсың. Себебі инвесторлар ертеңі бұлыңғыр сценарийге ақша салып, тәуекелге барғысы келмейді. Мысалы, Netflix бізбен келісім жасағысы келсе, әлі түсірілмеген киноны сатып алады.

Фото: «Alone» филімін түсіру барысы 

- Сұхбатымыздың соңында өзіңіз секілді шекара асып, Американы «бағындырғысы» келетін жастарға не айтар едіңіз?

- Американы бағындырудың қажеті жоқ. Талантты азаматтар Қазақстанның өзіне керек. Бірақ мен бұл елге келіп тек бір нәрсені жақсы түсіндім: қиялға ешқашан шек қоюға болмайды, кейде ессіз идеялар да жетістік пен дамуға алып келуі мүмкін. Негізі бұл қарапайым идеяны Қазақстанда жүріп те ұғынуға болады. Өйткені, Америка дамыған мемлекет, ал Қазақстан дамушы ел, көп салада түрлі жобалар ойлап табуға мүмкіндік бар, нарық бос. Ал АҚШ-та бір жаңа дүние ойлап табасың, бірақ кейін саған дейін оны басқа біреу жасап қойғанын білесің. Иә, Қазақстанда тұратын дос-жарандарымның елдегі жағдайға көңілі толмайды. Жұмыс жоқ, айлық аз деген әңгімені жиі естимін. Оның бәрін түсінемін, бірақ Қазақстанда салыстырмалы түрде көп дүние арзан екенін де ескеру керек. Мысалы, АҚШ-та қыруар жұмыс істеп қанша көп тапсаңыз, соншалықты жаратасыз. Сондықтан Қазақстанда тұрып, Қазақстанда жұмыс істеуден аса қатты айырмашылығы жоқ дер едім.

-Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге рақмет. Жобаларыңызға сәттілік тілеймін!

 

Cұхбаттасқан - Абай Сейфулла