Қазақстанда ипотека мен тұтынушылық несиенің ставкалары өзгереді
Ипотекалық несие бойынша жаңа әдістеме әзірленеді
Қазақстанда ипотека мен тұтынушылық несиенің мөлшерлемелері төмендеуі мүмкін. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазақстандағы банктер және банк қызметі туралы» заң жобасы қаралған отырыста Мәжіліс депутаттары тұтынушылық несие мен ипотека бойынша жылдық шекті мөлшерлеме қашан төмендейтінін сұрады.
Әбілқасымова былтыр тиісті заң қабылданғаннан кейін жылдық тиімді сыйақы ставкалары төмендегенін атап өтті. Мәселен, кепілсіз тұтынушылық несиенің ставкасы 56 пайыздан 46 пайызға дейін, ипотекалық несиенің мөлшерлемесі 30 пайыздан 25 пайызға, ал кепілді несиенің мөлшерлемесі 40 пайыздан 35 пайызға дейін төмендетілген. Сонымен қатар, биыл ипотекалық несие бойынша ставка 20 пайызға дейін төмендетілді. Алайда қазан айында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18 пайызға дейін көтергендіктен, банктердің көбі ипотекалық несие беруді тоқтатқан. Сондықтан агенттік бұл норманы қолдануды 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін тоқтатқан.
«Оған дейін біз Ұлттық банкпен бірлесіп, жаңа әдістеме әзірлейміз. Жаңа әдістеме бастапқы жарнаның көлеміне байланысты болады және сараланған ставка мөлшері бекітіледі. Тұтынушылық несие бойынша тура сондай жұмыс істейміз. Қазір нарықта тұтынушылық несие бойынша орташа ставка 35-36 пайыз шамасында белгіленген. Біздің ойымызша, жаңа әдістеме әзірленгеннен кейін бәсекелестік артып, мөлшерлеме төмендеуі тиіс», - деді Әбілқасымова.