$ 538.13  624.88  6.64
День конституции
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстанда мораторий аяқталғаннан кейін бензин күрт қымбаттап кетпей ме

Мораторий уақытша шара дейді министр

Қазақстанда мораторий аяқталғаннан кейін бензин күрт қымбаттап кетпей ме
Фото: Azattyq Rýhy

Қазақстанда бензин мен дизель отынының бағасын көтеруге келесі жылдың көктеміне дейін мораторий енгізілді. Осыған байланысты вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мораторий аяқталған соң, мұнай өнімдері күрт қымбаттап кетпей ме деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, нарықтағы жағдайды бақылау үшін осындай уақытша шара қолданылған.

«Сіздер білесіздер, Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс біздің өңірге де әсер етті: көрші елде мұнай өнімдері қатты қымбаттап жатыр. Бұған қоса отынның көрші мемлекеттерге әртүрлі жолдармен, түрлі сылтаулармен шығарылу қаупі бар. Өкінішке қарай, мұндай жағдаймен тек әкімшілік әдістер арқылы күресу қиын. Сондықтан біз жағдайды мұқият бақылап, осы тәуекелдерді қалай азайтуға болатынын анықтауға шешім қабылдадық. Қалай болғанда да, Қазақстан мен көрші елдер арасындағы баға айырмашылығын қысқарту қажет, бірақ оны тез арада жүзеге асыру мүмкін емес», – деді Жұманғарин Мәжіліс кулуарында.

Министр Қазақстан мұнай өндіретін ел болғанымен, әзірге мұнай өнімдерімен толық өзін-өзі қамтамасыз ете алмай отырғанын айтты.

«Бұл көрші елдер алдындағы міндеттемелерімізге де және кедендік шекаралардың жоқтығына да байланысты. Сондықтан отынның сыртқа кетуін шектеу қиын. Біз қазіргі бағаны уақытша сақтап, жағдайды мұқият бақылап отыру туралы шешім қабылдадық. Себебі бензиннің өзі инфляцияға қатты әсер етеді: бағаның күрт өсуі тізбекті реакция тудыруы мүмкін. Сондықтан басты мақсат – бағаның күрт ауытқуына жол бермеу», – деді вице-премьер.

Оның айтуынша, мораторий аяқталғаннан кейін де бензин бағасы күрт өсіп кетпейді.

Естеріңізге салайық, Үкімет 16 қазаннан бастап инфляция деңгейі тұрақтанғанға дейін АИ-92 маркалы бензин мен дизель отыны бағасын одан әрі көтеруге мораторий енгізген болатын.

Серіктес жаңалықтары