Жұманғарин 2,4 трлн теңгені Ұлттық қорда қалай сақтап қалғанын айтты
Үкімет Ұлттық қордан алатын нысаналы трансферттерден бас тартқан
Жаңа Салық кодексінің арқасында Үкімет Ұлттық қордағы 2,4 триллион теңгені үнемдеді. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, жаңа Салық кодексінде бизнесті бөлшектеуге қарсы іс-шаралар мен салық жүктемесін тең бөлу механизмдері нақты әрі айқын белгіленген. Қосылған құн салығы жаңа жылдан бастап 16%-ға дейін көтеріледі. Салық кодексінің арқасында үкімет Ұлттық қордан алынатын нысаналы трансферттерден бас тартқан.
«Осылайша, біз 2,4 триллион теңге көлемінде қомақты қаржы үнемдедік, оны Ұлттық қорда сақтап қалдық. Бұл қор біздің болашағымыз үшін, келешек ұрпақтың игілігі үшін жұмыс істейді», - деді Жұманғарин Мәжіліс кулуарында.
Бұдан бөлек, ол Үкімет инфляцияны тежеу үшін коммуналдық қызметтер мен жанармай тарифтерін көтеруді кейінге қалдыру туралы шешім қабылдағанын атап өтті.