Қазақстанның мемлекеттік борышы 33,5 трлн теңгеге жеткен – Үкімет не дейді
Мемлекеттік қарыз белгіленген лимиттен аспайды деп сендірді министр

Қаржы министрі Мәди Тәкиев Үкімет 33,5 триллион теңгені құрайтын мемлекеттік борышты қалай азайтатынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазір біздің мемлекеттік қарыз 33,5 трлн теңгені құрайды. Жалпы ішкі өнімге қатысты 22,2 пайыз деңгейінде, ал белгіленген шекті мөлшер – 32 пайыз. Мемлекеттік қарыздың негізгі бөлігі, яғни 76 пайызы – ішкі нарықтағы қарыздар. Біз оны бюджет тапшылығын жабу үшін елдің ішкі нарығынан аламыз. Ал 24 пайызы – сыртқы нарықтан алынған қарыздар. Олар негізінен инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағытталады», - деді Тәкиев Мәжілістің жалпы отырысында депутаттардың сұрағына жауап беріп.
Осы орайда министр мемлекеттік борышты төмендету жоспарына да тоқталды.
«Үкімет келесі жылға бюджет тапшылығын 2,5 пайыз деңгейінде, ал кейіннен 0,9 пайызға дейін төмендетуді жоспарлап отыр.Тиісінше, тапшылық азайған сайын қарыз алу қажеттілігі де азаяды, ал бұл мемлекеттік қарыздың төмендеуіне әкеледі. Бұған қоса, бюджет кірістерінің артуы да үлкен қолдау болмақ. Жаңа Салық кодексі келесі жылдан бастап күшіне енетінін білесіздер. Оның аясында бюджетке қосымша түсімдер түседі деп күтілуде, бұл да тапшылықты азайтуға мүмкіндік береді», - деді шенеунік.