Астана мен Алматы әлем бойынша бензин бағасы ең арзан 10 қаланың ішіне кірді

2025 жылғы қаңтар–шілде аралығында Қазақстанда 3,4 млн тонна бензин (оның ішінде автомобиль және әуе бензині) өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,4%-ға артық, деп хабарлайды Azattyq Rýhy energyprom-ға сілтеме жасай отырып.
Бензиннің ең көбі Шымкентте (1,3 млн тонна), сондай-ақ Атырау (1,1 млн тонна) және Павлодар (889,2 мың тонна) облыстарында өндірілген. Бұл қалаларда Қазақстандағы үш ірі мұнай өңдеу зауыттары бар екенін айта кеткен жөн.
Баға динамикасы
2025 жылғы тамызда бензин құны айлық есеппен 2,5%-ға, жылдық есеппен 8,3%-ға өсті. Оның ішінде бір ай ішінде:
- АИ-98 – 0,8%-ға,
- АИ-95/96 – 1,4%-ға,
- АИ-92 – 2,7%-ға қымбаттады.
Жылдық көрсеткіште:
- АИ-98 – 5,5%-ға,
- АИ-95/96 – 6,5%-ға,
- АИ-92 – 8,7%-ға өсті.
Өңірлік тұрғыдан айлық баға өсімі барлық облыста тіркелді. Ең жоғары қымбаттау Алматы облысында байқалды – 3,4%. Одан кейін Ұлытау және Солтүстік Қазақстан облыстарында – әрқайсысында 3,1%. Ең аз өсім Ақтөбе (1,4%) және Павлодар (1,6%) облыстарында болды. Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Абай облыстарында өсім 1,8% деңгейінде тіркелді.
Жылдық динамикада ең көп баға өсімі Ұлытау (10,4%), Солтүстік Қазақстан (10,2%) және Алматы (9,4%) облыстарында байқалды. Ал ең төменгі өсім Түркістан (6,4%), Қостанай (7%) және Ақтөбе (7,3%) облыстарында болды.
Тамыз айындағы орташа нарықтық бағалар:
- АИ-92 – литрі 220 теңге,
- АИ-95/96 – 271 теңге,
- АИ-98 – 306 теңге.
«14 қыркүйектегі мәлімет бойынша, ең арзан АИ-92 бензині Шымкенттегі Helios және Оралдағы GASENERGY жанармай құю бекеттерінде литрі 211 теңгеден сатылды. Ең қымбаты Астанадағы Qazaq Oil және GASENERGY, сондай-ақ Алматыдағы GASENERGY бекеттерінде – литрі 233 теңге. АИ-95 ең арзан Кызылордадағы Helios-та (252 тг/литр), ең қымбат Атыраудағы «НЕФТЭК»-те сатылды. АИ-98 ең арзан Атыраудағы Helios-та (295 тг/литр), ең қымбат Алматыдағы Compass-та (350 тг/литр) болды», - деп жазады дереккөз.
Әлемдік рейтинг
Numbeo деректеріне сәйкес, 2025 жылғы 14 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстан бензин арзандығы жағынан 127 елдің ішінде 5-орынға шықты. Елдегі орташа баға – литрі 0,46 АҚШ доллары. Қазақстаннан арзан бензин тек Ливия, Мысыр, Кувейт және Алжирде тіркелді. Ең қымбат бензин Мьянма, Гонконг және Исландияда болды.
ТМД елдері ішінде Қазақстан бензин бағасы ең арзагн ел болған.
«Қалалар рейтингінде Астана мен Алматы бензин арзандығы бойынша әлемдегі үздік ондыққа енді. Астанада литрі 0,46 $, Алматыда 0,48 $ болды. ТМД бойынша ең қымбат бензин Кишиневте тіркелді – литрі 1,44 $. Әлемде ең қымбат қалалар – Гонконг, Рейкьявик және Амстердам, ал ең арзан қалалар – Триполи, Алжир, Александрия, Каир және Эль-Кувейт», - деп жазылған сайтта.