Отандық автокөлік өндірісін қолдауға 5 жылда 50 млрд теңге бөлінді
Барлығы 18 мың көлік отандық автокөлік сатылды
Отандық автоөндірушілерді қолдау шеңберінде 5 жыл ішінде 18 мың көлік құралы сатылды, деп хабарлайды Индустрия жән инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі.
«Отандық автоөндірушілерді қолдау шеңберінде жеңілдікті автонесиелеу және жеңілдікті лизинг бағдарламасы жұмыс істейді. Соның аясында 5 жыл ішінде 50 млрд теңге бөлінді. Бұл отандық кәсіпорындарға 92 млрд теңгеге 18 мың көлік құралын сатуға мүмкіндік берді.
Өткен жылдан бастап ҚР Ұлттық банкі халық арасында үлкен сұранысқа ие болған жеңілдікті автонесие беру бағдарламасын іске қосты. Бұл мақсатқа 5 жыл ішінде 100 млрд теңге бөлінді (жыл сайын 20 млрд. теңгеден)»,- делінген хабарламада.
Министрлік салада болатын өзгерістерге де тоқталған.
«Машина жасау саласын серпінді дамыту үшін Қазақстан машина жасаушылар одағымен бірлесіп, 2019-2024 жылдарға арналған машина жасауды дамытудың жол картасы әзірленіп, бекітілді. Жол картасы саланы қолдау және дамыту бағытындағы шараларды жүргізе отырып, салықтық жеңілдіктер енгізу, «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң әзірлеу және Өнеркәсіпті дамыту қорын құру жөніндегі іс-шараларды көздейді»,- делінген хабарламада.