Былтыр шетелге іссапарлар шығыны 17,5 пайызға өскен – Әшімбаев бюджетті үнемдеу мәселесіне тоқталды
Сенат Үкімет пен Есеп комитетінің 2019 жылғы есебін талқылады
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев 2024 жылға қарай мемлекеттік қызметшілер мен ұлттық компаниялар қызметкерлерінің бір ширегін қысқарту туралы Мемлекет басшысының міндетін де назардан тыс қалдырған жоқ.
«Бұл жерде мемлекеттік қызметшілердің штаттық санын механикалық қысқарту туралы емес, жинақы, ұтқыр және тиімділігі жоғары мемлекеттік аппарат құру туралы айтылып отыр. Бұл бағытта белсенді түрде ілгерілеу аса маңызды. Үнемделген қаржыны басқа салаларда пайдалануға болады», – деді Төраға.
Сенат Төрағасының айтуынша, коронавирус пандемиясы цифрландыру және дистанциялық жұмыс есебінен шығындарды қысқартуға болатынын көрсетіп берді.
«Мемлекеттік қызметшілер мен ұлттық компания қызметкерлерінің бір бөлігін қашықтан жұмыс істеуге көшіру арқылы шығындарды оңтайландыру және қысқарту мүмкіндіктерін зерттеу орынды болып отыр. Бұл ғимаратты жалға алу мен күтіп ұстаудың және көлік шығындарын қысқартуға мүмкіндік бере ме, соны анықтау керек. Оның әлеуеті зор екені анық. Мысалы, 2019 жылғы бюджетте шетелдерге іссапарлар мен қызметтік сапарлар шығыстары 17,5 пайызға, ал ел ішіндегісі 8,8 пайызға өскен. Көлік қызметінің төлемі 21 пайыз болды», – деді Мәулен Әшімбаев.