Ұлттық банк долларды арзандату үшін $125,6 млн сатқан

Автор: Нұргүл Абай

Валюталық интервенциядан кейін доллар 540 теңгеге дейін арзандады

Фото: istockphoto.com

Ұлттық банк осы аптада доллар бағамы 550 теңгеден асып кеткеніне байланысты 30 шілдеде 125,6 млн долларға валюталық интервенция жүргізген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ұлттық банктің ақпаратынша, шілде айының қорытындысы бойынша теңге бағамы 1 доллар үшін 540,72 теңгеге дейін, 4%-ға әлсіреген. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа айлық көлемі бір айда 235 млн доллардан 260 млн долларына дейін ұлғайды. Жалпы сауда-саттық көлемі 5,7 млрд долларды құрады.

«30 шілдеде валюта нарығындағы өтімділік барынша төмендеп, алыпсатарлық қысымның күшеюіне байланысты Ұлттық банк 125,6 миллион АҚШ доллары көлемінде валюталық интервенция жүргізді», - делінген хабарламада.

Бұл шара алыпсатарлықты тежеп, нарықтағы доллар тапшылығын азайтуға көмектесті.

Ұлттық банк шілде айында Ұлттық қордан 700 млн доллар валюта сатқан. Бұл ақша республикалық бюджетке трансферт ретінде бөлінген және «Талдықорған-Үшарал» магистральдық газ құбырының құрылысын қаржыландыруға жұмсалған.

Тамыз айында Ұлттық қордан 400 млн доллардан 500 млн долларға дейін валюта сатылады деп күтілуде.

«Теңестіру» операциясы аясында шілдеде 290 млрд теңге алынды. Тамыз айында осы мақсатта шамамен 290 млрд теңге валюта сату жоспарланып отыр», - дейді Ұлттық банк.

Квазимемлекеттік сектор субъектілері валюталық табыстың бір бөлігін міндетті түрде теңгеге айырбастайды, яғни шілде айында олар шамамен 450 млн доллар сатқан.