Қазақстанда түлектердің 30%-дан астамы мамандығы бойынша жұмыс істемейді – вице-министр
Асқар Биахметов білім беру жүйесі мен еңбек нарығы арасындағы алшақтыққа назар аударды

Қазақстандық жоғары оқу орындарын бітірген түлектердің 30 пайыздан астамы алған мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Асқар Биахметовтің айтуынша, негізгі мәселе — білім беру бағдарламаларының еңбек нарығының нақты сұранысына сәйкес келмеуі.
«Қазіргі таңда түлектердің 30 пайыздан астамы мамандығына сай емес жұмыс атқарып жүр. Бұл мәселені шешу үшін ең алдымен білім сапасын арттыру қажет», – деді ол.
Министрлік жұмысшы мамандықтар бойынша кәсіби даярлықты күшейту мақсатында:
-
2025 жылға дейін 100 жаңа кәсіптік стандарт қабылдауды жоспарлап отыр;
-
Қазір 864 кәсіптік стандарт бекітілген, олар оқу бағдарламаларын жаңарту негізі болмақ.
Жаңа кәсіптік стандарттар:
-
жасанды интеллект (AI)
-
ақпараттық технологиялар (IT)
-
инжиниринг сияқты заманауи салалардағы сұраныстарды ескере отырып әзірленбек.
Бұл бағытта Еңбек министрлігі Ғылым және жоғары білім министрлігімен және Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатыр.
Вице-министр мамандық бойынша жұмыс істемеудің бірқатар себебін атап өтті.
Мәселен:
-
талапкер қалаған мамандыққа ҰБТ-дан жеткілікті балл жинай алмай, грантқа түсу мүмкіндігі жоғары басқа мамандықты таңдайды;
-
оқуды тегін оқу үшін кейде қызықтырмайтын саланы оқуға мәжбүр болады;
-
кейін еңбек нарығында сұранысқа ие басқа салаға ауысады.
«Сондықтан бұл жерде жүйелі жұмыс маңызды. Кәсіби бағдар беру мектептен басталып, ЖОО-дағы оқу бағдарламаларын өзектендіруге дейін жалғасуы тиіс», – деп түйіндеді Асқар Биахметов.