Ұлттық банк базалық ставканы тағы да өзгеріссіз қалдырды
Өткен айда инфляция 11,8% болды

Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты кезекті шешім қабылдады. Базалық ставка +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 16,5% деңгейінде белгіленіп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұлттық банктің ақпаратынша, жылдық инфляция маусым айында 11,8% болған. Барлық компонент бойынша бағада өсім байқалады. Тарифтік реформаларды іске асыру аясында реттелетін қызметтердің, сол сияқты нарық қызметтерінің қымбаттауы есебінен қызмет секторы (16,1%) бұрынғыша баға өсіміне себеп болып отыр. Сонымен қатар импортталатын тауарлар мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі түрлері қымбаттауына байланысты азық-түлік инфляциясы (10,6%) да айтарлықтай үлес қосқан. Ал инфляцияның айлық динамикасы 0,8%-ға дейін баяулады.
«Қазіргі жағдайда ұстамды қатаң ақша-кредит саясаты Ұлттық банктің қосымша шараларымен бірге инфляцияның өсуін тежейді. Жеке кредиттеу нарығын «салқындату» бойынша қабылданып жатқан микро және макропруденциялық шаралардың әсері біртіндеп күшейеді деп күтілуде. Инфляциялық факторлардың қалыптасқан балансы, оның қазіргі қарқынды динамикасы, проинфляциялық үрдістер мен сыртқы ортадағы белгісіздік базалық мөлшерлемені қазіргідей деңгейде 2025 жылдың соңына дейін сақтау ықтималдығына айтарлықтай себеп болып отыр. Ақша-кредит саясаты комитеті қажет болған жағдайда базалық мөлшерлемені көтеру мүмкіндігін де жоққа шығармайды», - деп мәлімдеді Ұлттық банк.
Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешім 2025 жылғы 29 тамызда жарияланады.
Естеріңізге салайық, 5 маусымда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,5% деңгейінде қалдырған болатын.