Өткен аптада азық-түлік бағасы төмендеді
Биыл алғаш рет апта ішінде аталған тауарлардың бағасы өспеді

Сауда және интеграция министрлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсу қарқыны бәсеңдеп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұн бағасы 1,7%-ға төмендеген
Өткен аптада бірқатар азық-түлік өнімінің бағасы төмендеді. Атап айтқанда:
- жұмыртқа 1,2%-ға,
- пияз 0,8%-ға,
- сәбіз 0,6%-ға,
- рожки мен күріш 0,1%-ға арзандады.
Сонымен қатар жыл басынан бері ұн бағасы 1,7%-ға төмендеген.
«Өңірлер арасында баға индексінің төмендеуі Түркістан облысында – 0,2%, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында – 0,1 тіркелді. Ал Алматы, Астана қалаларында, сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Қостанай және Абай облыстарында баға индексі өзгеріссіз, нөлдік деңгейде қалды», - деп жазылған хабарламада.
Өңірлік комиссиялар анықтаған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға белгілеуді бақылау мақсатында белгіленген 15%-дық шекті сауда үстемесін асыру фактілері бойынша 1 872 әкімшілік іс қозғалды.
655 мәрте заң бұзылған
6 100-ден астам тауар жеткізу тізбегіне талдау жүргізілді. Соның ішінде 655 жағдайда бәсекелестік заңнамасын бұзу қаупі анықталды. Бұл деректер нақты шаралар қабылдап, бақылауды күшейтуге негіз болды.
«Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің қолжетімділігін қамтамасыз етудегі тиімді құралдардың бірі – ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері. Жыл басынан бері еліміздің өңірлерінде фермерлік өнімдер делдалсыз, тікелей сатылатын 3 мыңға жуық жәрмеңке ұйымдастырылды», - деп толықтырды министрлік.
Сонымен қатар баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және нарықты үздіксіз өніммен қамту мақсатында бизнес өкілдерімен және салалық қауымдастықтармен тұрақты диалог жүргізіліп жатыр.