Қазақстандықтар қашан бір QR-мен төлем жасай алады

Автор: Нұргүл Абай

Ұлттық банк бүкіл банкті бірыңғай QR-ға қосылуға міндеттемек

Фото: istockphoto.com

Келесі жылдың басында қазақстандықтар бірыңғай QR-мен әртүрлі банкте төлем жасай алады. Бұл туралы Ұлттық банкте өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұловтың айтуынша, QR бойынша банкаралық есептеулер жүргізу жүйесі былтыр құрылған. Қазір осы жүйеге банктерді қосу жұмысы жүріп жатыр.

«Банктер, ең алдымен, технологиялық тұрғыдан дайын болуы керек. Кейбір банктерде технологиялық процесс өте күрделі болғандықтан, олардың жүйеге қосылуы ұзаққа созылып кетті. Бірақ жыл соңына дейін бәрін қосу үшін осы мәселені банктермен пысықтаймыз», - деді Шолпанқұлов.

Ал Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі – цифрлық трансформация басшысы Бинұр Жаленов банкаралық QR-төлемдерін қазір 7 банк сынақтан өткізіп жатқанын айтты. Қалған банктер жыл соңына дейін осы функционалды толығымен қосады деп жоспарлануда.

«Ұлттық банк «Банктер туралы» жаңа заң аясында барлық банктің осы экожүйеге міндетті қосылуын көздейтін заңнамалық түзетулерге бастамашы болды. Яғни, келесі жылдың басынан жүйеге қатысу, төлем қабылдау және төлем жіберу міндеттемелері әрбір банкте болады деп ойлаймыз», - деді ол.