$ 511.59  575.28  6.33
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
05.06.2020, 14:10
Экономика

Постдағдарыс кезеңінде кімдер ЕСП төлеуге міндетті – сарапшылар пікірі

42 500 теңге алу үшін алғаш рет ЕСП төлегендер жайлы

Постдағдарыс кезеңінде кімдер ЕСП төлеуге міндетті – сарапшылар пікірі
Сарапшылар: Нұрлан Жазылбеков және Атамұрат Шәменов

Қазақстан билігі енді Бірыңғай жиынтық төлем (ЕСП) жасаушылардың көлеңкеде қалуына жол бермейді. Елдің қаржы нарығы үшін бұл салық түрінің орны ерекше. Коронавирусқа байланысты ел аумағында енгізілген төтенше жағдай кезеңінде бұл төлем бойынша есепке алынған азаматтардың саны нақтыланып жатыр.  

БЖТ (Бірыңғай жиынтық төлем - авт.) жасаушылардың енді ылғи бақылауда болатыны және оларға жүктелетін міндеттемелер туралы Қазақстан Ұлттық экономика министрлігінің «Экономикалық өсімді қайта қалпына келтіру туралы кейбір заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасында айтылып отыр. Аталмыш құжатта елдегі бюджеттік заңнамаларды қайта қарау, ақша-несиелік саясат пен қаржы секторына дағдарысқа байланысты өзгерістер енгізу қарастырылмақ.

«Атап айтқанда, айналымда жүрген қолма-қол ақшаның, көлеңкелі бизнесте немесе басқа да жасырын айналымда жүрген капиталдарды экономикаға барынша тарту көзделіп отыр. Соның ішінде төтенше жағдай уақытында бірыңғай жиынтық төлем жасаған азаматтардың да бұдан былай салықтық бақылауда болуы қамтамасыз етіледі. Яғни, олар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің базасына еніп, уақытша әлеуметтік төлем алған қазақстандықтар ЕСП төлеуді жалғастырады», - деліген құжатта.

Оқи отырыңыз: ЕСП төлегендердің бәрі жеке кәсіпкер болып есептеледі

Бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлем алу үшін бірыңғай жиынтық төлем аударған азаматтардың бәрі жеке кәсіпкер саналатынын айтқан болатын. Ведомство басшысы «Енді ИП (жеке кәсіпкер - авт.) да, ЕСП төлеуші де жеке кәсіпкер саналады. Тек біріншісі ресми жеке кәсіпкер болып тіркелген. Екіншісі, жеке кәсіпкерліктің жеңілдетілген түріне жатады. Себебі, ЕСП төлегендер салық органдарында автоматты түрде жеке кәсіпкер болып тіркеледі» деген еді.   

Экономика ғылымдарының докторы Атамұрат Шәменов өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың салық төлеуі өркениетті қоғамда қалыптасқан үрдіс екенін айтады.

«Үкіметтің беріп жүрген ескі мәліметтерінде өзін-өзі қамтитын азаматтардың саны – 2-2,8 млн. Олар салық төлемейді, сондай-ақ зейнетақы қорына ақша да жинамайды. Бірақ ол азаматтарды өзінің жанын бағу үшін пайда тауып жүргендер деп қарау керек. Батыс елдерінде такси жүргізушісі де, даяшы да, өзге де қызмет көрсететін салада еңбек ететін адамдар фискальдық органдарда тіркеледі. Мемлекетке табыс салығын төлеп отырады. Бізде осы жағы реттелмей келді.

Мысалы, қызмет көрсету саласындағы адамдардың көбі үйіңді салып береді, жөндеп береді, электрлік жұмыстарды істеп береді. Бірақ олар жұмыс біткен соң сіздерге «Мынадай жұмыс атқардым, мен оның ақысына ақша алдым» деп бір тілім де қағаз бермейді. Тіпті, сапасыз жұмыс көрсетсе, артынан дәлелдеу де мүмкін емес. Тиісінше, ешқандай салық төлемейтіні айдан анық», - дейді экономист.

Оның айтуынша, ресми жұмыс істейтіндер табыс салығын төлейді, ондайлар Қазақстанда 10 пайыздан кем емес.

«Сондай салықтардың есебінен елде жол салынып жатыр, түрлі инфрақұрылымдар тартылып жатыр, жаңағы жұмыссыздар немесе салық төлемейтіндердің өздеріне немесе олардың балаларына әлеуметтік төлемдер беріледі. Мұны ешкім жоққа шығармайды. Бірақ өзін-өзі жұмыспен қамтушы, салық төлемей-ақ сол жолды пайдаланады, сол суды ішеді. Өзге салық төлеушілер сияқты барлық мемлекеттің игіліктерін көріп отыр ма?! Көріп отыр. Бұл бюджетттік көзқараспен қарағанда – әділетсіздік. Сондықтан Бірыңғай жинақ төлемін мемлекеттің ары қарай да міндеттеуін қолдаймын», - деп жалғады сөзін Атамұрат Шәменов.

Атамұрат Шәменовтің айтуынша, Норвегия, Швеция сияқты скандинавиялық елдерде салық өте жоғары. Әсіресе, байларға салынатын алымдардың мөлшері көп.

«Олар салықты шын ықыласымен, қиналмай төлейді. Бірақ тақтайдай жолды, тиісті әлеуметтік төлемдерді, адам өміріне керекті игіліктер мен қызмет түрлерін талап етеді және соны алады. Сол сияқты біздегі мемлекеттік қазынаға салық құйғысы келмейтіндерді мына пандемия тұсында салықшылар тізіміне алуы оңтайлы қадам болды. Бірақ мемлекет те салық төлеушілердің алдындағы міндеттемесін ұмытпауы тиіс. Оны да қоғам болып талап ету өркениеттіліктің белгісі.

Біздің билік жұмыссыздықты 4,8 пайыз деп аз көрсетіп келді. Бірақ сол ЕСП аясында пайда болған халықты қосса, Үкіметтің осы күнге дейінгі өтірігі шығады. Себебі, бұл азаматтардың ішінде жұмыс істеп жүргендерінен жұмыссыз жүргендері көп. Осы тұрғыдан алғанда, Үкіметтің енді осындай ЕСП ары қарай төлене береді деген жоспары бар болса, оларды қамқорлығына алып, жұмыспен қамтуы керек. Оқыту керек, соған қарай жұмыс беруі керек деп ойлаймын дейді маман.

Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, экономист, бұрынғы Мәжіліс депутаты Нұрлан Жазылбеков БЖТ мәселесіне келгенде асыра сілтеуден аулақ болуға шақырады. Ол ЕСП-ден бұрын билік көлеңкеде жүрген кәсіпкерлікті қолға алуы керек деп есептейді.  

«Мәселен, Алматы қаласында бизнестің 40 пайызы жасырын табыс арқылы, бюджетті айналып өтіп жатыр. Мұны қаланың Қоғамдық кеңесінде талай рет көтердік. Ал ЕСП-ны 42 500 теңге алу үшін мәжбүрлі түрде енгізген азаматтар ары қарай да ай сайын соны төлейді дегенге сенбеймін. Себебі, ол азаматтар жұмыссыз. Табыс тапқанымен, оған ЕСП төлетудің механизмдерін Үкімет дұрыстап жасамаса, бұл әлеуметтік дауға айналып кетуі мүмкін», - дейді Нұрлан Жазылбеков.

Нұрлан Жазылбеков енді ЕСП төлеуге ешкімнің құлқы болмайтынын айтты.

«Мен Еңбек министрлігінің өкілдерімен кездесуде айтқанмын, негізгі ақпараттың барлығы әкімдіктерде. Ауыл, аудан, қалалық әкімдіктерде әрбір азамат туралы мәлімет тұр емес пе? Әкімдік қызметкерлері қой бағып жүрген жоқ қой. Неге олар өз аумағында тұратын халықтың жағдайын, кімнің жұмыссыз екенін, кімнің салық төлемей отырғанын білмейді? Біледі, әрине. Төтенше жағдай кезінде елді шулатпай, сол тізім арқылы әлеуметтік төлемдер жасауға болар еді ғой. Ал қазіргі дағдарыс кезеңінде ЕСП төлеуге бұрынғыдай ешкімнің құлқы болмайды. Шын мәнінде, тіркелген ИП немесе шағын бизнесі барлар онсыз да бұл салықты төлеп келді. Мұның барлығы механизмнің сауатты жасалып, оның жергілікті жерлерде жүзеге асырылуымен байланысты. Ең ұтымды жолы – халықты жұмыспен қамтамасыз ету. Сонда мәселе өзінен-өзі жоғалады», - дейді экономист.

Айта кету керек, 2019 жылдың 1 қаңтарынан Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін бірыңғай жиынтық төлем енгізілді. Салықтың жаңа түрі 2024 жылға дейін күшінде болады. БЖТ төрт төлемді, яғни жеке табыс салығын, міндетті зейнетақы жарнасын, медициналық және әлеуметтік сақтандыру қорына жасалатын аударымдарды біріктіреді.

Елімізде сәуір айының өзінде 3 млн адам бірыңғай жиынтық төлем жасап, қазынаны 1,7 млрд теңгеге толтырған. ЕСП төлеу бойынша Шымкент қаласы көш басында тұр. Одан кейінгі орындарда – Алматы мен Алматы облысының тұрғындары, олар бұл әлеуметтік төлемді уақытылы төлеп отырған. 

Салалық министрлік дерегінше, ТЖ кезінде жәрдемақы алғандардың 40%-ы – ЕСП-ні бірінші рет төлегендер. Президент жақында бұл отандастарымызды мемлекет көмегіне мұқтаж адамдар санатына жатқызуды тапсырды. Демек, олар есепке алынды. Мемлекет басшысы енді жергілікті атқарушы билік өкілдері оларды қайтадан көлеңкеге жібермей, жұмыспен қамтуы тиіс екенін айтты.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары