Базалық ставкаға қатысты кезекті шешім 11 сәуірде жарияланады
Қазақстанның Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 16,5%-ға дейін көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 16,5% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. Шешім қабылдарда нақты деректер, жаңартылған болжамдар мен инфляциялық тәуекелдердің балансы бағаланды. Бағаның қазіргі өсу қарқыны жоғары деңгейге жетіп келеді. Бұл өз кезегінде ақша-кредит шарттарын айтарлықтай жеңілдетеді. Сондықтан инфляцияның өсу тәуекелін азайту үшін белсенді әрі пәрменді шаралар қажет», - делінген Ұлттық банктің хабарламасында.
Ведомство ақпаратынша, жылдық инфляция ақпанда 9,4 пайызға дейін жеделдеген. Барлық компонент бойынша бағаның өсім қарқыны жеделдегені байқалады. Әсіресе қызметтер бағасының өсуі айтарлықтай үлес қосып отыр.
«Ресейде инфляция қарқын ала түскендіктен, сыртқы сектордың бағаға әсері күшейді. 2024 жылғы желтоқсаннан бастап біршама төмендегеніне қарамастан, әлемдегі азық-түлік бағасы әлі де жоғары деңгейде. Қазіргі уақытта бағаның жаһандық өсуі орнықты болып отыр. Инфляциялық және геосаяси тәуекелдер сақталуда және олар орталық банктердің қатаң ақша-кредит саясаты мен риторикасына негіз болды», - деді Ұлттық банк.
2025-2027 жылдар аралығындағы жоғары болжам сыртқы проинфляциялық қысымның удеуіне, жанар-жағармай бағасының өсуіне, қосылған құн салығының ұлғаюына, сондай-ақ тұрғын-үй кешені саласындағы реформалардың жалғасуына байланысты.
Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты кезекті жоспарлы шешімін 2025 жылғы 11 сәуірде жариялайды.