Қосымша құн салығы 16% болса, бизнес үшін әлеуметтік аударымдарды төлемейміз – үкімет
Жұманғарин бүгін Алматы кәсіпкерлерімен кездесті
![Қосымша құн салығы 16% болса, бизнес үшін әлеуметтік аударымдарды төлемейміз – үкімет](https://azattyq-ruhy.kz/cache/imagine/1200/uploads/news/2025/02/12/67ac8eafcf224176019357.jpeg)
Вице-премьер-ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Алматының бизнесімен кездесіп, қосымша құн салығының ұсынылып отырған мөлшерін талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кездесуде қаржы министрі Мәди Такиев, ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин сөз сөйлеген.
«Жыл сайын мемлекет ҚҚС бойынша есепке қоюдың жоғары шегіне байланысты бизнесті бөлшектеуден шамамен 800 млрд теңге табыс салығын жоғалтады. Іс жүзінде бізде орта бизнес бар, бірақ заң жүзінде жоқ. Бұл тетіктерді енгізу – ҚҚС бойынша есепке қою шегін төмендету және жеңілдетілген арнайы режим тек B2C – бұл кәсіпкерлікке қарсы күрес емес, көлеңкелі экономикаға қарсы күрес. Салық төлейтін адам төлемейтіндермен адал бәсекелесе алмайды. Ал әділ салық салуға ұмтылуда бизнесті жаппай қолдаусыз мемлекеттік органдар көлеңкелі экономикамен толыққанды күресе алмайды», - деп атап өтті Азамат Әмрин.
Кездесуде бизнес өкілдері үкімет мүшелеріне мазалаған сұрақтарын қойды. Соның бірі - еңбекақы төлеу қорына жүктемені азайтуға қатысты болған.
Айта кетейік, қосымша құн салығын 20 пайызға дейін жеткізу туралы үкіметтің ұсынысын алғаш жариялаған кезде Серік Жұманғарин егер парламент пен бизнес, халық осыны қолдаса, мемлекет міндетті зейнетақы жарнасы мен әлеуметтік салықты өз мойнына алуға дейін деп мәлім еткен еді.
Ал, бүгін Алматыдағы кездесу кезінде бұл ұсыныс қосымша құн салығы 20 пайыз деңгейіне өссе ғана күшінде екені белгілі болған.
«Қазір ұсынылып отырған 16% ҚҚС мөлшерлемесімен әлеуметтік аударымдарды өзгеріссіз қалдыру ұсынылады», - деп хабарланған үкіметтің ресми сайтында.